Рим папасымен кездесуімізге тыйым салғандар болды – Шейх Мұхаммед Ахмед ат-Тайеб

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мысырдағы әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммед Ахмед ат-Тайеб Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жабылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз сөзінде Шейх Мұхаммед Ахмед ат-Тайеб Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына және осындай табысты форумды ұйымдастырғандарға алғыс білдірді.

«Осы форумның шешімі мен ұсыныстарын тыңдаған соң, оған бір нәрсе қосу қиын. Бұл ұсыныстар халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде байлар мен кедейлердің көптеген проблемаларын көтереді деп есептейміз. Қорытындылай келе, діннің негізгі үндеуі іске асуы үшін барлық дін өкілдері бірігуі қажет және ең алдымен діни сезімдерді жеккөрушілік пен зұлымдықтан тазарту үшін әрекет ететін күшке айналуы тиіс. Бұған мынадай жолмен қол жеткізуге болады: біріншісі – түрлі дін қызметін діндер мен діндарлар арасындағы қақтығыстарға емес, осындай адами арнаға бағыттау», - деді Мұхаммед Ахмед ат-Тайеб Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жабылу салтанатында.

Екіншіден, оның айтуынша, әрбір діндегі жалпы жоғары адами мағынаны, оның ішінде адамдарға деген жақсы қарым-қатынасты және арадағы айырмашылыққа қарамастан оларға деген сүйіспеншілікті жинап, әртүрлі жолмен, әртүрлі тілдерде тарату керек.

«Үшіншісі – осы жалпы мағыналарды тарату кезінде тек ақылға сүйеніп, ақиқатқа деген сүйіспеншілікті басшылыққа алу керек. Бұл діндарлар мен дінсіздер арасындағы жаһандық диалогқа қатысты Исламның, сонымен қатар барлық діндердің үндеуі. Бұл бағыт адамның мақсаттары халықаралық діни форумдардың мақсаттарына айналғанда, жалпы дін ережелеріне қайшы келмейтіндігінен туындаған.

Менің тәжірибем бауырым Рим Папасы Францискпен дініміз, шығу тегіміз, тіліміз, тарихымыз, сондай-ақ отанымыз басқа екеніне қарамастан, адамдардың бұл бастамаларды құптайтынына сенуіме мүмкіндік береді. Және бұл екі тараптың радикалды көзқарастарына қарамастан деп ойлаймын, өйткені кейбіреулер бұл кездесудің болғанын қаламады, тыйым салуға тырысқандар да болды», - деді Мұхаммед Ахмед ат-Тайеб.

Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі салтанатты түрде жабылды. Екі күнге созылған съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.

Діни форумға арнайы қонақ Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.






Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар