Риддердегі ЖЭО-да өрт салдары жойылғанымен, үйлер жылымай тұр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары аяқталғанымен, үйлер әлі жылымай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігі 25 қаңтар күні Риддер қаласындағы жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары аяқталғанын хабарлаған. Кешкі уақытта тасымалдауыш таспа толығымен орнатылып, әуелі сынақ режимінде іске қосылды.

Бір сағат өткенде ешқандай ақау байқалмаған соң оған көмір салынды. Қазіргі уақытта сол арқылы төрт қазандық та көмірмен қамтамасыз етілуде.

Алайда қала тұрғындары әлі де үйлерінің суықтығын айтуда. Бұған қатысты шаһар басшысы Дмитрий Горьковой түсінік берді.

«Жүйені толығымен жылыту үшін кемінде екі күн қажет. Бүгін тағы бір орташа қысымды резервтік қазандық іске қосылады», - деді ол.

Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын.

Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды.

Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар