Риддердегі төтенше жағдай: Жоғары қысымды қазандықтардың бірі 5 желтоқсанға дейін іске қосылады

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығын қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Риддердегі жылу электр орталығында №4 жоғары қысымды қазандықты жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Енді ол іске қосылуға толықтай дайын. Жүйедегі температура 60 градустан жоғары көтерілді.

«Бесінші қазандықты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 5 желтоқсанға дейін ол жүйеге қосылады. Осылайша, барлық үш жоғары қысымды қазандық қондырғысы қалыпқа келтірілді», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де Риддердегі ЖЭО-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.

Төтенше жағдайға байланысты қаладағы мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқыды.

10 қараша күні Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды.

14 қарашада жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүріп жатқаны хабарланды.

Сондай-ақ жылу орталығындағы қазандықтарды жөндеуге ресейлік мамандар тартылған болатын.

Соңғы жаңалықтар