Риддердегі төтенше жағдай: ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығы дұрыс тексерілмегені анықталды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығының жылыту маусымына дайындығы дұрыс тексерілмегені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов қалалар мен аудандардың әкімдерімен жылу мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Оған Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті аумақтық департаментінің өкілі қатысты. Белгілі болғандай, сәуір айынан қыркүйекке дейінгі аралықта осы ведомствоның мамандары Риддер жылу электр орталығына бармаған.

«Алайда 15 қыркүйекте олар министрлікке хат жолдап, орталықтың жылыту маусымына толық дайын екендігі туралы хабарлады. Бүгінде департамент Риддер ЖЭО басшылығы 4 және 5 қазандық агрегаттарының жөнделгені туралы теріс ақпарат жолдағанын мәлімдеп отыр. Осыдан-ақ аталған ведомство өздерінің дәрменсіздігі мен немқұрайлылығын көрсетті деуге болады. Өзге энергетикалық объектілерді де қалай тексеріп, баға беретіні күмән тудырады», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, департамент мамандарының әрекетсіздігінен бүкіл қала қыс мезгілінде жылусыз қалу қаупіне ұшырады.

«Мұндай немқұрайлы шенеуніктер мемлекеттік қызметте болмауы керек. Министрлік тиісті шара қабылдайды деген ойдамын», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар