Риддерде жылу тарифі өспейді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жылу тарифі өспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы жылыту маусымында қайта-қайта ақау шыққан Риддер жылу электр орталығының иесі ауысқаны белгілі.

Жаңа инвестор орталықты күрделі жөндеуден өткізіп, ескі жабдықтарды ауыстыруға ниетті.

Осы ретте риддерліктерді «жылу тарифі өсе ме?» деген сауал мазалап отыр.

Бұл сұраққа «Риддер ЖЭО» АҚ басқарма төрағасы Құралбек Әбдірахманов жауап берді.

«Риддер қаласындағы жылу мәселесі түбегейлі шешіледі. ЖЭО-ның жағдайын жақсартуға инвестиция салынады. Ал жылу тарифі алдағы 5 жыл ішінде көтерілмейді», - деді ол кеше тұрғындармен кездесуде.

Еске сала кетейік, Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері жиі суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.

Осыған дейін Екібастұз бен Риддерде жылу тарифі қаншалықты өсетіні болжанған.

Кейіннен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз бен Риддердегі жылу тарифі мәселесін түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар