Риддерде жылу электр орталығынан тағы да ақау шығып, арнайы штаб құрылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да апат болып, тұрғын үйлердегі 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддердегі электр орталығындағы төтенше жағдайға орай шұғыл түрде арнайы штаб құрылған. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«5 қараша күні сағат 20.00-де орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Соның салдарынан жылу тасығыштың температурасы +39°С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70°С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды.

Шұғыл түрде ақауды жою жөніндегі штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталыққа Согра және Өскемен ЖЭО, «Өскемен жылу желілері» АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді әкім.

Оның айтуынша, ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді. Отынды жөнелту жалғасуда. Апатты жағдайды жою үшін «Қазмырыш» ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Өскеменнен көмек ретінде «Востоквзрывпром» ЖШС-нің 20 қызметкері де келген.

«Сонымен қатар қаланың энергожүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ Риддерге 12 авариялық бригада жіберді. Риддер қаласының білім бөлімі басшысы міндетін атқарушының бұйрығымен 7-11 қараша аралығында мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына көшеді. Осы уақыт ішінде қаланың мектепке дейінгі мекемелері өз жұмысын тоқтатады.

«Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл апаттық жағдай жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ретінде жіктеледі», - деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының айтуынша, жағдай ерекше бақылауда. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Еске салсақ, 23 қазанда Риддердегі жылу электр орталығында ақау шығып, халық жылусыз қалған болатын.


Соңғы жаңалықтар