Риддерде спортшы балалар жатқан қонақүйден өрт шықты

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қонақүйдің ішінде орналасқан саунада өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 29 тамыз күні түнгі сағат 03:00 шамасында Риддердегі 4-ші шағынауданда орналасқан қонақүй ішіндегі саунада өрт тұтанған. Қызыл жалын киім ауыстыратын бөлменің төбесі мен қабырғаларын шарпыды.

«Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер 15 шаршы метр аумаққа жайылған жалынды ауыздықтады. Қауіпсіздік мақсатында қонақүйде тұрып жатқан 10 спортшы бала эвакуацияланды. Өртті өшіруге 4 техника мен жеке құрамнан 11 адам жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Оттың шығу себебі электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар