Риддерде көктайғақ салдарынан КамАЗ балалар ойын алаңына соғылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында көктайғақ салдарынан «КамАЗ» балалар ойын алаңына соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы түскі уақытта Гэсовская көшесінде болған.

«КамАЗ» көлігін 50 жастағы ер адам тізгіндеп келе жатқан. Жолды және метеорологиялық жағдайды ескермеген жүргізушінің қауіпсіз жылдамдықты таңдамауы салдарынан ауыр жүк көлігі №16 үйдің жанындағы балалар ойын алаңына соғылды. Соққыдан көлікте тұрған жүк аударылып, қосалқы трансформаторлық стансаны зақымдады», - делінген ақпаратта.

Абырой болғанда, алаңда болған ата-аналар мен балаларға ешқандай зақым келген жоқ. Жүргізуші де жарақат алмаған.

«Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып немесе алты айға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар