Риддерде қаскөй 3 баланың анасын тонап, өлтіріп кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында қаскөй 3 баланың анасын өлтіріп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 тамызда таңертең үйінен жұмысқа кеткен қалалық әкімдік қызметкері із-түссіз жоғалған. Ұялы телефоны сөндірулі тұрған әйелді үйінде 8-11 жас аралығындағы үш баласы тосып жатты.

Кешке қарай орман ішінде жүргізілген іздестіру шаралары барысында оның мәйіті табылды. Зорлықпен өлтірілген әйел адамның бірнеше жерінде пышақ жарақаттары бар. Оқиға орнына Өскеменнен прокуратура басшылығы мен криминалистер дереу келіп жетті.

Бірнеше күннен кейін жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Бұрын бірнеше рет сотты болған 34 жастағы ер адам өз кінәсін мойындаған. Жауап алу кезінде ол қылмысқа марқұмның күміс бұйымдары мен сөмкесін тартып алу үшін барғанын айтты.

«Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 99 және 192-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптар бойынша ер адам 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Анасынан айырылған балалар жақын туыстарына қамқорлыққа берілді. Жергілікті атқарушы орган өкілдері оларға қажетті көмек көрсетуде.


Соңғы жаңалықтар