Риддерде екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында екі жасар бала үшінші қабаттағы терезеден құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ТЖБ мәліметіне сүйенсек, екі жасар бала бесқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Оқиға бала бірнеше минутқа ғана ересектердің қарауынсыз қалғанда болды.

Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалған. Ата-анасы бірден жедел жәрдемге қоңырау шалды.

«Бала түрлі дене жарақаттарымен Риддер қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, өңір құтқарушылары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Жүргізілген талдау нәтижесінде, терезеден құлаған балалар негізінен 1-3 жаста болатыны анықталды. Негізгі себептер - баланы қараусыз қалдыру және терезені ашуға жол бермейтін қорғаныс құралдарының болмауы.

«Оқыс оқиға ата-аналар үлкен балаларына кішілерін қарауды тапсырған кезде де болады. Кейбіреулер тіпті бес жасар баласын «үлкен» деп санап, оған бір жасар бүлдіршінге бас-көз болуды тапсырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бала ересектер сияқты жауапкершілікті сезіне алмайды. Кейбір ата-аналар кішкентай балаларын көшеге, құстарға, көліктерге қарату, әкесіне немесе шешесіне қол бұлғау үшін терезе алдына өздері шығарады. Соның салдарынан бала биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді», - дейді ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенко.

Балалар москит торына сүйеніп, терезеден құлап кетуі мүмкін. Шыбын-шіркейді үйге кіргізбейтін москит тор ешқашан балаларға қорған бола алмайды. Керісінше ондай тор қайғылы жағдайға себепкер болады. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезінеді де оған сүйенеді.

Оқыс оқиғаның алдын алғыңыз келсе:

- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

- Пәтер терезелеріне арнайы қорғаныс құралдары қойылуы тиіс.

- Бала өздігінен аша алмайтындай етіп терезе тұтқасын құлыптаңыз.

- Баланың терезе алдына шығуына жол бермес үшін жиһаздың барлық түрін терезелерден алысқа қойыңыз.

- Баланы терезе алдына шығарып, көшеде не болып жатқанын көрсетуге үйретпеңіз. Ол сіз жоқта соны қайталауы мүмкін.

- Балаларға ересектердің қарауынсыз балконға шығуға рұқсат бермеңіз.


Соңғы жаңалықтар