Риддерде бір апта бұрын жоғалған әйелдің денесі өзен жағасынан табылды

None
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жоғалып кеткен әйелдің денесі өзен жағасынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 шілде күні 46 жастағы әйел адам үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, сол күйі қайтып оралмаған.

31 шілдеде жоғалған әйелдің апайы полицияға хабарласып, көмек сұрады. Бірден тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларына кіріскен.

Полицейлерге жергілікті волонтерлер де көмекке келді. Алайда оны бірден табу мүмкін болмады.

«Тамыз айының 1-і күні, жоғалғанына тура бір апта өткенде Риддер қаласы тұрғынының денесі Журавлиха өзенінің жағасынан табылды. Қазіргі уақытта оның нақты неден көз жұмғаны белгісіз. Мәйіт сараптамаға жіберілді. Қалған ақпаратты заң бойынша жария етуге тыйым салынған», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, биылғы мамыр айының аяғында Өскеменде Үлбі өзенінің жағасынан жас жігіттің мәйіті табылған болатын.


Соңғы жаңалықтар