Риддерде анасы мас жатқанда аш қалған бала ауруханаға жеткізілді

None
None
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында маскүнем ана баласына мүлде қарамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары қолайсыз отбасыларды үнемі бақылауда ұстайды. Қараша айының басында 3 жасар ұлымен бірге тұратын 41 жастағы әйелдің үйі тексерілді.

Соның нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Әйел үйде мас күйде жатқан.

«Үй іші суық, әрі астаң-кестең болып шашылып жатты. Әбден ашыққан қаршадай баланың үсті-басы кір болған. Сонымен қатар бұл үйде баланың қолайлы өмір сүруі үшін жарық, су және басқа да қажетті жағдайлар мүлде жоқ болып шықты», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта бүлдіршін қалалық балалар ауруханасына жатқызылған. Одан әрі оны кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына орналастыру жоспарланып отыр.

Полицейлер әйел адамды ата-ана құқығынан айыру туралы өтінішті кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолдамақ.


Соңғы жаңалықтар