Риддер жылу орталығының жаңа иесі оны коммуналдық меншікке беруге келіспей отыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы ЖЭО-ның жаңа иесі орталықты коммуналдық меншікке беруге келіспеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддер қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ЖЭО-да қазіргі уақытта үш қазандық жұмыс істеп тұр – екеуі орташа, бірі жоғары қысымды.

Ертең тағы бір қазандық іске қосылады деп жоспарланған.

«Жылыту маусымының аяқталуына бір айдан аз уақыт қалды. Орталықтағы жабдықтардың нашар жағдайына байланысты жұмыс осындай режимде жалғасады. Яғни, кейбір қазандықтар жөндеуге берілсе, сол кезде басқалары іске қосылып отырады. Бүгінде №6 және №2 қазандықтар күрделі жөндеуге жіберілуге дайын», - дейді шаһар басшысы Дмитрий Горьковой.

Оның айтуынша, ЖЭО-ға келген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев жұмыс барысын үздіксіз бақылап отыр.

Ал орталықтың жаңа иесі келген жоқ.

«Заң бойынша төтенше жағдай жарияланса да ЖЭО-ны коммуналдық меншікке ала сала алмаймыз. Ол үшін жылу электр орталығы иесінің келісімі керек. Әзірге ол келіспей отыр. Бұл бағыттағы келіссөз жалғасып жатыр», - дейді Д.Горьковой.

Еске салсақ, 21 наурызда Риддердегі ЖЭО-да 2 қазандықтан өрт шыққан.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жылу электр орталығын коммуналдық меншікке беру керектігін айтты.

24 наурызда Риддерде төтенше жағдай режимі жарияланды.


Соңғы жаңалықтар