Риддер ЖЭО-дағы өрт: Отын цехы ертең іске қосылады

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддердегі ЖЭО-да өрт шыққан отын цехын қалыпқа келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

«Көмір беру трактін жөндеу жалғасуда. Осы түнде желімдеу жұмыстары аяқталады деп көзделген», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.

Оның айтуынша, содан кейін іске қосу-реттеу процесі басталады. 25 қаңтар күні орталықтың отын цехы қалыпты жұмыс режиміне көшеді деп жоспарланып отыр.

Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын.

Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды.

Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.

Облыс басшысының ақпараты бойынша, ЖЭО-ны күрделі жөндеуден өткізуге 7 млрд теңге қарастырылып отыр.

Сонымен қатар жылу электр орталығының иесі ауысқаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар