Риддер тұрғыны ұрлығын жасыру үшін 4 көлікті өртеп жіберген – ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны ұрлығын жасыру үшін 4 көлікті өртеп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 29 қаңтарда түнгі сағат 03:40 шамасында «102» жедел арнасына автокөліктердің өртенгені туралы хабар түсті. Бірден оқиға орнына полиция қызметкерлері аттанып, күдіктілерді іздеуге кіріскен.

Сағат 05:30-да тәртіп сақшысы Қанат Сапаров қолында пакеті бар ер адамды тоқтатты. Полицейдің «қайдан келе жатырсыз?» деген сұрағына ол жөнді жауап бермеді. Тіпті пакеттің ішінде не бар екенін түсіндіре алмаған.

«Анықталғандай, оның ішінде басқа адамдардың құжаттары, көлік айналары, флэш-карталар және магнитофондар болған. Ер адам мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тергеу барысында 24 жастағы риддерліктің үйлердің аулаларында тұрған автокөліктерден ұрлық жасағаны, қылмысы әшкере болмас үшін 4 көлікті өртеп жібергені белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Алдын ала мәлімет бойынша көлік иелеріне келтірілген шығын мөлшері – 4 миллион теңгеден асуы ықтимал.


Соңғы жаңалықтар