Риддер тұрғындарына жылыту маусымы аяқталған соң жылу ақысы қайта есептеледі

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындарына жылыту маусымы аяқталған соң жылу ақысы қайта есептеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жылу-электр орталығында биылғы жылыту маусымында жиі ақау шығуына байланысты тұрғындар үшін жылу ақысы қайта есептеледі. Сол үшін ЖЭО-ның иелерімен келіссөздер жүргізілген.

«Орталықтың жаңа иелеріне жылу ақысын қайта есептеу мүмкіндігі туралы хат жібердік. Олар жауап беріп, келісетіндіктерін білдірді. Бірақ заң бойынша қайта есептеу жылыту маусымы аяқталғаннан кейін ғана жүргізіледі. Қазір сол туралы халыққа түсіндіріп жатырмыз», - дейді Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой.

Еске салсақ, өткен жылы 23 қазанда Риддердегі жылу электр орталығында төтенше жағдай болды. Қазандықтар жұмысын тоқтатып, халық жылусыз қалған.

19 қаңтарда орталықта өрт шыққан.

Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды.

Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Сондай-ақ Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.


Соңғы жаңалықтар