Риддер тұрғындары ЖЭО-ны коммуналдық меншікке қайтару туралы петиция жазды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғындары Жылу электр орталығын коммуналдық меншікке қайтару туралы петиция жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддердегі төтенше жағдай режимі Жылу электр орталығындағы температура толық қалпына келтірілгеннен кейін ғана алынады.

«Бүгінгі таңда риддерліктердің үйлеріндегі температура 18 градустан 24 градусқа дейін өсті. ЖЭО-ның төрт қазандығы іске қосылды. Қазір ПИК және кондоминиум өкілдері жылу энергиясының жетпей қалған сомасын тіркеп жатыр. Содан кейін бұл ақпаратты жылумен жабдықтаушы компанияға жібереді. Егер ЖЭО бұдан бас тартса, онда тұрғындардың құқықтарын қорғау мақсатында құзырлы департаментке жүгінеміз», - дейді қала әкімі Дмитрий Горьковой.

Оның айтуынша, ЖЭО-да ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов та болды. Орталықтағы ақаудың шығуына кінәлілерді анықтау бойынша тергеуді құқық қорғау органдары жүргізуде

«Риддер тұрғындары ЖЭО-ны коммуналдық меншікке қайтару керектігін айтуда. Олар бұл туралы петиция жазып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке жүгінді», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де аталған ЖЭО-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонентке жылу беру азайтылды.

Төтенше жағдайға байланысты қаладағы мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқитын болды.

Облыс билігі Риддердегі Жылу электр орталығының жұмысын 9 қарашаға дейін қалпына келтірілетіндігін мәлім етті.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар