РФ-да ұрланған көліктерді тіркеумен айналысқан қазақстандық полицейлер сотталды
2017 жылғы 30 қыркүйек 21:34

РФ-да ұрланған көліктерді тіркеумен айналысқан қазақстандық полицейлер сотталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда экс-полицейлер мен олардың сыбайластарына қатысты сот ісіне нүкте қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкерлері Ресейде ұрланған көліктерді елімізде тіркеуге қоюға көмектескендері үшін жазаға тартылып отыр. Олар осыдан екі жыл бұрын құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған. Жәнібек Ізтілеуов пен Абат Жармағамбетов есімді Қостанай облысының тұрғындары Ресей Федерациясында ұрланған қымбат көліктерді жалған құжатпен Қазақстан аумағына кіргізіп келген. Ал Меңдіқара және Федоров аудандық ІІБ мемлекеттік автоинспекторлары Ерқанат Әбдікеров пен Есімжан Төкешев күмәнді көліктерді бөтен адамдардың атына тіркеуге қоюға қолғабыс жасаған. Ондаған машина еліміздің өзге аймақтарында сатылған.

Көлеңкелі көлік саудасынан түскен олжаны қылмыстық топ өзара тең бөлісіп отырған. Алты адамнан құралған қылмыстық топты Артур Қалиев есімді азамат басқарған. Ол әлі күнге дейін халықаралық іздеуде жүр. Қостанай соты қалған бесеуін жазаға кесті.



Қаңтар айынан бері қамауда болған экс-полицейлер Е.Әбдікеров пен Е.Төкешевке алаяқтық, заңсыз құжат жасау, қызмет бабын асыра пайдалану, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына ену баптары бойынша айыптар тағылып, олар өзге сыбайластары арасында ең ұзақ мерзімге сотталды. Майор шенінен айырылған көлік инспекторларының дүние-мүлкі тәркіленіп, әрқайсысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Ал жалған құжат жасап, ұрланған көліктің нөмірін өзгертумен айналысқан Абат Жармағамбетов 5 жыл 6 айға, Жәнібек Ізтілеуов 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Олар осыған дейін үй қамақта отырып келсе, сот залында қолдарына кісен салынды.

Сотталушылар арасында Ғабит Сансызбаевқа жазаның жеңілі тағайындалды. Меңдіқара АІІБ-дегі құжаттарды көлікке артып, өртеп, көзін жоймақ болған оның әрекеті әшкере болды. Сансызбаевқа сот 1,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті.

Қылмыстық жолмен жан-жаққа кеткен көліктер тәркіленіп, олардың арасында заңды иесін тауып жатқандары бар. Кейбірі соңғы сатып алған адамның иелігінде қалса, тағы бір легі ресейлік сақтандыру компаниясының еншісіне қайтарылуда. Енді бірнеше көлік іздеуде жүрген А.Қалиевтің сотына дейін Жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің құзырында қалады.

Jańalyqtar

MURAǴAT