Резидент емес азаматтар Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінен ЭЦҚ ала алады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Резидент емес тұлғалар Қазақстанның шетелдегі мекемелерінен ЭЦҚ ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пилоттық жоба шеңберінде бейрезиденттер электрондық цифрлық қолтаңбаларды еліміздің елшіліктері мен консулдықтары арқылы ала алады.

Пилоттық жобаны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Сыртқы істері және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірге іске асырды.

Бұл жоба Вашингтон, Сеул, Бішкек, Мәскеу, Прага, Дубай, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Майндағы Франкфурт, Ыстанбұл және Бейжің қалаларында орналасқан Қазақстан Республикасының 11 дипломатиялық өкілдігінде жүзеге асады.

Жобаның негізгі мақсаты – әлеуетті шетел инвесторларының Қазақстанның онлайн аукциондарына қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Резидент емес жеке тұлғалар ЭЦҚ-ны «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады.

Ол үшін шетел азаматтардың өзімен бірге төлқұжаты, төлқұжатының электрондық көшірмесі (pdf форматында), аты-жөнінің кириллицаға, қажет болған жағдайда латын әліпбиіне (pdf форматында) нотариалды куәландырылған аудармасының электрондық көшірмесі және USB-flash жинақтаушы (ЭЦҚ кілттерін сақтау үшін) болуы қажет.

Резидент емес заңды тұлғалар алдын ала Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында тіркеліп, БСН-ді онлайн алу арқылы ЭЦҚ-ны Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінен де ала алады.

Қызмет 2 жұмыс күні ішінде тегін көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар