Режеп Ердоған: Орталық Азия Түркияның сыртқы саясатының стратегиялық өзегі болып табылады

None
None
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Түрік Республикасының Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған BNews.kz агенттігіне берген сұхбатында қазақстан-түрік ынтымақтастығының негізгі басымдықтарын көрсетіп, түркі әлемінің болашағы мен бүгіні жайында, сондай-ақ Астанаға жасайтын сапарынан қандай нәтиже күтетінін әңгімелеп берді.

- Құрметті Премьер-Министр, Түркия Республикасы соңғы жылдары тұрақты саясаты мен қарқынды дамып келе жатқан экономикасының арқасында дүниежүзінде жаһандық деңгейдегі ірі мемлекет болу бағытында нық қадамдар жасауда. Түркия қысқа мерзім ішінде мұндай жетістікке қалай қол жеткізді?

- Түркия, расында да, соңғы кезеңдері экономикалық және саяси салаларда қол жеткізген жетістіктерінің арқасында халықаралық қауымдастық арасында үлкен беделге ие болды. Ал аталған екі саладағы жетістіктердің басты негізі - елімізде соңғы 10 жылда орнаған саяси тұрақтылық пен жағымды әлеуметтік жағдай.

Осы өткен мерзім ішінде үкіметіміз демократияны жетілдіру және Еуропалық одаққа кіру шарттарын орындау үшін саяси салада батыл қадамдар жасады. Бұл қадамдар, негізінен, халқымыздың басым бөлігі қолдаған қадамдар еді.

2000 жылдардың басынан бері экономика саласында да көптеген түйткілдердің шешілуіне түрткі болған құрылымдық реформалар мен еркін кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалған батыл қадамдар түрік экономикасының әлеуетін арттырып, тез арада күшеюіне мүмкіндік берді.

Сонымен қатар көршілерімізден бастап жаһандық деңгейде жүргізіп отырған еліміздің сыртқы саясаты да саяси және экономикалық салалардағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Тұрақтылыққа негізделген белсенді қадамдарымыз Түркияны экономикасы дамыған, қуаты мығым әлемнің 16-шы мемлекетіне айналдыруға көмектесті. Бұл, өз кезегінде, халықаралық саяси деңгейде күн тәртібінде тұратын басты мәселе екені сөзсіз. Еліміздің беделі мен мерейі, міне, осылайша арта түсті.

Осы тұрғыда мұндай дәрежеге қалай қол жеткізгеніміз емес, қазір қолда бар қуатымыз бен күшімізді қалай және қандай мақсаттарға пайдаланатынымыз әлдеқайда маңызды. Түркияның бұл бағыттағы көзқарасы мен саясаты айқын. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Ол - жақынымыздан бастап, барша әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнығуы және гүлденуі. Біз алдағы уақытта да осы мақсаттағы берік ұстанымымызды жалғастыратын боламыз.

- Нахчыван Саммитінен кейін Түркі әлемінде маңызды өзгерістер болды. Астанада Түркі академиясы құрылды. Бакуде ТүркПА өз жұмысын жүргізуде. Ыстамбұлда Түркі кеңесі қызмет атқара бастады. Түркі әлеміндегі бұл өзгерістер туралы не ойлайсыз? Сонымен қатар соңғы кездері айтылып жүрген «Еуразиялық одақ» ұғымына қалай қарайсыз?

- Түркітілдес мемлекеттермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселесі жоғарыда айтылған елдер өз тәуелсіздіктеріне қол жеткізген күннен бастап бүгінге дейін әрдайым біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып келеді.  Еліміз 1992 жылы алғашқы болып Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу бастамасын көтерген болатын. Егер Астанада құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мен Түркі әлемінің академиясын, сондай-ақ ТҮРКСОЙ мен ТүркПА ұйымдарын ескеретін болсақ, біздер түркі әлемін институттандыру жолында маңызды міндеттерді жүзеге асырдық деп айтуға болады.

Түркі әлемі өткеннен жинақтаған тәжірибесімен, қазіргі адами және экономикалық ресурстарымен Еуразия өңіріндегі ынтымақтастыққа зор үлестер қоса алады. ХХІ ғасыр ұсынып отырған бұл мүмкіндікті орынды пайдалануымыз қажет.

Біз Түркі кеңесін құру және институттану жолындағы басқа да жұмыстар тілі, мәдениеті мен түбі бір халықтарымыздың арасында орныққан байланыс пен үнқатысуды арттырып, арамыздағы рухани бірлікті нығайта түсетініне сенімдіміз. Сонымен қатар аталған Кеңесті халықаралық қауымдастықта лайықты орны бар, Еуразия өңірінде бейбітшілік, гүлдену мен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін толықтыратын беделді халықаралық ұйымға айналдыруды басты мақсатымыз ретінде айқындап отырмыз.

Өңірлік жауапкершілік қағидатына сай, сыртқы саясатта өңірлік тұрақтылық пен дамуға үлкен мән беретін Түркия ықпалдастық мәселелері бойынша салынып жатқан күш-жігерлерді толық қолдайды.

Еуразия одағын құру туралы пікір түрлі ортада, әсіресе ғалымдар арасында кеңінен талқыланып жүр. Мұндай пікірлердің қызу талқыға түсуін сыртқы саясатта шешім қабылдау және оны жүзеге асыру тұрғысында аса маңызды құндылық деп қарастырамыз.

- Түркия Республикасы - Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуінің арқасында өткен кезеңдегі Қазақстанның даму деңгейіне және Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастың қазіргі жағдайына қандай баға берер едіңіз?

- Қазақстан қадірлі бауырым құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның сындарлы және көреген саясатының арқасында тәуелсіздігін алғаннан бері өткен қысқа мерзім ішінде өз өңіріндегі жетекші елге, сонымен бірге жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықтың діңгегіне айналды. Түркия осы жетістіктердің бәрін жоғары бағалайды.

Қазақстанмен түбі бір Түркия екі елдің арасындағы бауырластықтың белгісі ретінде, әрине, Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел болды. Түркия Қазақстанмен әрдайым уақыт өте келе арта түскен ықпалдастық пен ынтымақтастықта болды. Біздің осындай іс-әрекетімізге қазақ бауырларымыз да дәл солай жауап берді. Осылайша, жұмсалған күш-жігерлеріміз орнағанына 20 жыл толған екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты Стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізді.

Қазақстан - Түркияның өңірдегі ең маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Күн өткен сайын артып келе жатқан екіжақты сауда айналымы қазіргі таңда шамамен 3 миллиард АҚШ долларына жетті. Осы көрсеткішті қысқа мерзім ішінде 10 миллиард АҚШ долларына жеткізуді көздеп отырмыз.

Білім және мәдениет саласындағы үлгі боларлық ынтымақтастық та қарым-қатынасымыздың маңызды өлшемдерінің бірі болып табылады.

Қазақстанның Еуразия кеңістігінің маңызды ойыншысына айналуы ынтымақтастық әлеуетінің іргесін кеңейтті. Негізінде, Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығы тек қана екі жақты емес, сонымен қатар, АӨСШК, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ сынды өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде де  қарқынды түрде нығайып келеді.

- Астана осы жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Түрік компаниялары Астананың құрылысына елеулі үлес қосты. Ыстамбұл қаласының мэрі және үкімет басшысы ретінде Астана қаласының дамуы жайында не білесіз?

- Иә, Астана қаласының қол жеткізген тамаша табыстарына куә болып келемін. Астана қысқа уақыт ішінде Азияның жарқыраған жұлдызына айналды. Мұны нағыз тарихи табыс деп бағалаймын.

Қазақстанның қарқынды дамуының нышаны болған Астана қаласының құрылысына түрік компаниялары зор еңбек сіңірді. Жеке басым, мұны мақтан тұтамын. Астана қаласының 2012 жылы түркі әлемінің бас қаласы болып жариялануы, күмәнсіз, қуанышты жәйт деп санаймын.

- Осы жылы Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің IV-ші құрылтайы өтеді. Түркия Өркениеттер альянсы бастамасын көтерді. Діндер мен өркениеттерді бір-біріне жақындастыратын осындай шаралардың дүниежүзіндегі бейбіт өмірге қосатын үлестері туралы ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Әлемде орын алып жатқан келеңсіз оқиғалардың көбісіне, надандық пен төзімсіздік, осылардың нәтижесінен пайда болатын теріс түсінік пен үрей себеп болуда. Орын алған келеңсіз жағдайлар таяу шығыстағы проблемалар және 11 қыркүйек оқиғаларымен ұлғайып, дүниедегі бейбіт өмір мен тұрақтылыққа қауіп төндіре бастаған уақытта сол кезеңдегі Испания Премьер-министрі Хосе Сапатеромен бірге Өркениеттер альянсын құру ұсынысын жасаған едік. Біз бұл бастамамен қақтығыстардың, қауіптердің және қарама-қайшылықтардың алдын алуды көздедік. Өркениеттер альянсы бастамасы - адамды адам ететін құндылықтарды тоғыстыратын, жақындастыратын және насихаттайтын бастама.

Өркениеттер альянсының Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан құпталуы осы тұрғыдан өте дұрыс және орынды болды. Альянстың достық тобындағы елдер мен халықаралық ұйымдардың санының, қысқа мерзімде 130-дан асып түсуі жалпы дүниеде адамдардың қақтығысты емес, келісімді артық көретіндігі жөніндегі сенімімізді қуаттады.

Өркениеттер альянсы әлемнің көптеген жеріне жағымды әсер берді. Альянс түрлі діни сенім өкілдерінің, түрлі мәдениеттердің, топтардың және ұйымдардың басын қосып, бір-бірімен таныстырады, араларында достық және жемісті ынтымақтастықтың құрылуы үшін қажетті негіз қалайды. Адамдардың бір-бірін жақынырақ тануы келеңсіз оқиғалардың алдын алады.

Осылайша, Өркениеттер альянсы әлемдегі бейбіт өмірге елеулі үлес қосуда. Сондықтан әлемдегі елдердің бұл альянсты құптауы үлкен маңызға ие.

Осы сәтті пайдалана отырып, барлық дүниежүзі елдерін Өркениеттер альянсына қаржылай қолдау көрсетуге шақырамын.

- Қазақстанға жасайтын ресми сапардан не күтесіз және қандай тілектер тілейсіз?

- Қазақстанға тағы да бір рет сапар жасау мүмкіндігінің туындағанына мен өте қуаныштымын. Орталық Азия Түркияның сыртқы саясатының стратегиялық өзегі болып табылады. Біз тарихымыз, мәдениетіміз және тіліміз ортақ елдермен қарым-қатынастарға әрдайым үлкен мән әрі басымдық береміз. Осы ретте, досымыз, бауырымыз және стратегиялық әріптесіміз - Қазақстанмен қарым-қатынасымызды барлық салада арттыра түскіміз келеді. Сапарымның негізгі мақсаты - осы.

Сапарым кезінде қадірлі бауырым Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Сенат төрағасы Қайрат Мәми және Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мырзалармен бас қосамыз. Қымбатты досым Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мырзамен бірге түрік-қазақ іскерлік форумына қатысамыз.

Бұл сапарым барысында бауырым Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен бірге Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз.

Сондай-ақ қол қойылатын тағы бір маңызды құжат - «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарлама елдеріміздің өзара мүддесі, басымдылықтары және үміттері үшін жол картасы қызметін атқаратынына сенімдімін.

Сапарым екіжақты байланыстарды барлық салада арттыру үшін нақты және жемісті нәтижелер берсе екен деген тілек бар.

Соңғы жаңалықтар