Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Рейсті кешіктірген әуе компаниялары айыппұл арқалауы мүмкін

2022 жылғы 30 маусым 18:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әуе рейсі кейінге шегерілсе жауапты компания жолаушыларға заң аясында жағдай жасауы тиіс. Шарт орындалмаса әуе компаниясына 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтық авиациядағы басты мақсат - жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі. Әуе компаниялары жолаушы қауіпсіздігі мен қосымша шығындарды болдырмау мақсатында кестеге сай жұмыс істеуге мүдделі болуы тиіс. Әуе рейстері кешігуінің немесе кейінге шегерілуінің негізгі себебі - әуе кемесінен шыққан техникалық ақау немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты. Осыған орай рейстердің кешігуі әуе тасымалы үшін қалыпты құбылыс», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева ОКҚ-де брифингте.

Оның айтуынша, әуе рейсі кешіккен жағдайда қызмет көрсетуші компания жолаушыға заң аясында жағдай жасауы тиіс.

«Әуе компаниясының өкілдері жолаушыға 2 рет қоңырау шалып ескертуі керек. Салқын сусын мен ыстық тамақ ұсынып, қонақ үймен қамтуы қажет. Сонымен қатар жолаушыны қонақ үйге дейін және әуежайға қайта жеткізуге міндетті. Рейстің кешіккен әр сағаты үшін тасымалдаушы билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді. Жоғарыда көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда әуе компаниясы 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Одан бөлек, қазіргі уақытта жолаушылардың құқығын қорғау мақсатында әуе рейсі кешіккеніне салынған айыппұлды төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылып жатыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, авиация комитетінің өкілі Қазақстанда 2016 жылдан бастап әуе компаниялары билет бағасын дербес жүргізетінін еске салды.

Бұған дейін еліміз 2025 жылға дейін 45 әуе кемесін сатып алатынын хабарлаған едік.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары