Ревматизм емделмесе жүре пайда болатын жүрек ақауына ұласады - дәрігер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында созылмалы ревматизм ауруы салдарынан жүре пайда болатын жүрек ақауына биыл 15 ота жасалды. Жалпы мұндай оталарды кардиологтар өңірде 2011 жылдан бері жасап келеді, осы аралықта мамандар 603 сырқатты аяғына тұрғызған. Ревматизм қандай ауру, ол қалай пайда болады және қаншалықты қауіпті? Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне облыстың бас ревматологы, кардиологиялық орталықтың ревматология бөлімшесінің меңгерушісі Индира Хамзина айтып берді.

Ревматолог Индира Хамзинаның айтуынша, ревматизмді көпшілік буын ауруы деп біледі. Бұл қате түсінік, буын ауруы осы дерттің тек бір белгісі ғана. Қазіргі медицина тілімен айтқанда ревматизм немесе ревматизм безгегі инфекциялық-аллергиялық белгілері бар жүйелі түрде жүретін қабыну процесі, ол ағзаның дәнекер тінін зақымдайды. Алдымен зақымданған ағза қабынады, оған иммунитет әсер етеді, салдарынан аутоиммундық соққы болуы мүмкін. Яғни қорғаныш қызметін атқаратын жүйе белгісіз себептермен қажетті жасушалардың өзін қатерлі және қажет емес деп «танып», оны жоюға тырысады. Ревматизм безгегі жүрек бұлшықеттерін, тамырларды, теріні, ми мен нерв жүйесін зақымдайды.

«Ревматизм аурулары адамның жұмыс істеу қабілетіне кері әсер етіп, сырқаттың жалпы денсаулығын нашарлатады. Ревматизм түрлі жастағы адамдарда кездеседі. Десек те ревматизм безгегінің алғашқы жағдайы әдетте 5 пен 15 жас аралығындағы балаларда дамиды. 3 жасқа дейінгі сәбилерде кездеспейді деуге болады. Сондай-ақ қыздар, ер балаларға қарағанда үш есе жиі ауырады.

Ревматизмнің пайда болуына А тобына жататын респираторлы стрептокок инфекциясы себеп. Әдетте баспа, тонзиллит, фарингит, қызамық сияқты аурулардан кейін дамиды. Ревматизмнің қай түрі болмасын қауіпті, себебі ауру асқынып, созылмалы түріне ауысса, науқас мүгедек те болып қалуы мүмкін. Ауруды толық дәрігерлік тексерістен өткізгеннен кейін анықтайды. Аурудың алдын алу үшін тіс кариесін де дер кезінде емдету қажет», - дейді Индира Хамзина.

Ата-ананың бірі ревматизммен ауырған болса, көп жағдайда олардың балалары да бұл дертке бейім келеді. Маман стрептокок инфекциясын дұрыс емдемеу, суық тигізу, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі, аутоиммундық аурулардың болуы ревматизм безгегіне ықпал ететінін айтады.

«Инфекция ағзаға түскеннен кейін 2-3 аптадан кейін дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Шамадан тыс терлеп, тәбет қашады, бас ауырады. Ауру енді басталғанда тізе, білек, шынтақ пен иықтың буындары сырқырайды, қимылдату қиынға соғады. Ал жүрек жұмысы бұзылғанда соғуы жиілеп, артериялық қысымы төмендейді. Кеуде тұсында ауырсыну білінеді. Ревматизм қабынуларынан кейін жүрек қақпақшаларында жүре пайда болатын жүрек ақауы жиі байқалады. Жүрек клапанының тарылуына әкеледі. Көп жағдайда аорта және митралды қақпақша зардап шегеді.

Кардиологиялық орталықта 2011 жылдан бастап ревматизм ауруы салдарынан жүре пайда болатын жүрек ақауына ота жасалып келеді. Осы аралықта 603 операция істелді. 2020 жылы 53 адамға, былтыр 67, биыл 15 сырқатқа ота жасалды. Сырқаттардың бәрінде негізінен митральді, аорталды қақпақшалар ауыстырылды. Жүре келе пайда болатын жүрек ақаулары бар науқастардың саны азайған. Оған ревматизм безгегін дер кезінде анықтау, ушықтырмай емдеу және алдын алу үшін түрлі ем шаралардың қолданылуы себеп. Ауру толық емделмей, өршуі қайталануы мүмкін. Сондықтан санаторлы-курорттық ем, ағзаны шынықтыру, иммунитетті жоғарылату, стрептококты жұқпамен күресті жүргізу өте маңызды. Аурудың қайталануының алдын алу үшін күз және көктемде дәрілік ем жүргізіледі», - дейді облыстың бас ревматологы.

Ревматизммен күрестің алғышарты – ағзаны шынықтыру. Спортпен айналысу, бассейнге түсу, еңбек және демалыс режимін сақтау, таза ауада көбірек жүріп, спирттік ішімдіктер мен темекіден бас тарту.

«Ревматизм стрептокок инфекциясынан кейін дамитындықтан, баспа, фарингит, скарлатина сияқты ауруларды дер кезінде анықтап, емдеу керек. Ауру адамдармен байланысты барынша азайтқан жөн. Үйде ревматизммен ауыратын ересектер болған жағдайда әсіресе балалардың денсаулығына аса мән берген жөн. Балалар ревматизм безгегімен ауырады. Оны емдеп жазуға болады. Алайда егер уақытында ем қолданылмаса немесе дұрыс емдеу жүргізілмесе, ересек кезінде жүрек ақауы пайда болуы мүмкін. Жүре пайда болған жүрек ақауына ота жасалған сырқаттардың орта жасы 50-70 аралығында», - дейді СҚО кардиологиялық ортлығының ревматологы Индира Хамзина.

Маманның айтуынша, ревматизм белгілері болған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн. Ревматолог дертті тудыратын стрептокок инфекциясын жою және оның ағзаға әсерін жою үшін қабынуға қарсы препараттар қолданады.


Соңғы жаңалықтар