Ревакцинация туралы шешім қабылдағанда қандай жайттарды ескеру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жанұя» отбасылық амбулатория директорының орынбасары Замира Борлықбаева ревакцинация туралы шешім қабылдау кезінде қандай жайттарға мән беру керектігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Педиатр маман ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген шағын сұхбатында өзінің отбасында 3 адам ревакцинация алу туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Отбасымда жолдасым, екі балам мен анамыз бар. Балаларымыз 6 және 4 жаста. Жастары 12-ге толмағандықтан, оларға әзірге коронавирусқа қарсы екпе жасалмайды. Анам, жолдасым үшеуіміз ревакцинация алайық деп отырмыз. Анамыз «Спутник V» вакцинасын алғандықтан, 9 ай мерзімі өтуі керек. Соны күтіп жүр. Жалпы ол кісі де медицина саласында жұмыс істейді. Сондықтан, біздің үйдегілерге ревакцинация туралы шешім қабылдау оңай болды. Өзіміз вакцинаның тиімділігін, қауіпсіз екенін күнделікті тәжірибеде көріп жүргендіктен, бір жағынан елдегі және әлемдегі эпидахуалды ескеріп, саналы түрде екпе алу туралы шешім қабылдадық», - дейді дәрігер.

Ол ревакцинация туралы шешім қабылдар кезде ғылыми мақалаларды оқып, медицинасы озық елдердегі тенденцияға да назар аударғанын айтады.

«Бұл тақырыпта қазір ғылыми мақалалар көп қой. Соларды да уақыт тауып оқыдық. Әлемнің медицина дамыған елдерінде ревакцинация басталғанын көріп отырмыз. Көрші Ресейдегі жағдайды да зерделеп қарап отырамыз. Осының бәрі ревакцинация туралы оң шешім қабылдауымызға әсер етті», - дейді Замира Борлықбаева.

Оның айтуынша, ревакцинация медицинаға таңсық дүние емес.

«Мен өзім педиатрмын. Бала жаңа туған кезде «АКДС» вакцинасы екі айлығында, үш айлығында, төрт айлығында үш рет салынады. Бір жарым жасында бірінші ревакцинация және алты жасында екінші ревакцинация болады. Одан кейін 12 және 16 жасында, кейін әр 10 жыл сайын салынып отырады. Яғни иммунитет тұрақтылығы үшін ревакцинация медицинада бұрыннан қолданылып келеді. Сондықтан медицина өкілдеріне ревакцинация деген тосын шара болып саналмайды», - деді «Жанұя» отбасылық амбулатория директорының орынбасары.

Дәрігер ревакцинация туралы шешімді әр адам саналы түрде қабылдау керектігін айтады. Ол үшін қазақстандықтар желіде тараған дәлелсіз дүниелерге емес, ең әуелі өзінің денсаулығына, ағзасындағы белгілерге құлақ асуы керек.

«Әрине, ревакцинация туралы шешімді әр адам үлкен жауапкершілікпен қабылдау керек. Бірінші кезекте өзінің денсаулығын, екінші ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажеттігін ескергені дұрыс деп ойлаймын. Инфекцияның көзі болатын адамдардың саны азайғанда ғана мына індеттен құтыламыз. Сол үшін бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен келу керек деген кеңес айтар едім. «Өлсек те, тірілсек те ревакцинация алу керек» деп талап қойып жатқан ешкім жоқ», - деді ол.

Сарапшы дәрігер ревакцинация кезіндегі ең жауапты кезең екпе салғызар алдындағы дәрігердің қарауында болған сәт екенін ескертті.

«Кез келген вакцинация сияқты ревакцинация алдында да дәрігер екпе алушының денсаулығына назар аударады. Сол кезде өзін мазасыз сезінсе, денсаулығында ақау сезінсе, бәрін жасырмай, ашық айтуы керек. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, ағзада қандай да бір созылмалы ауруы өршіген болса, қан қысымы артып, қант мөлшері құбылып жүрген болса, міндетті түрде дәрігерге айту керек. Өйткені вакцинаға жіберу туралы анықтама берген кезде ешқандай арнайы аспаптың көмегімен тексеру талап етілмейді. Келбетін сырттай бақылап, қан қысымын өлшеу, өкпесін тыңдау, дене қызуын көру сияқты шаралармен шектеледі. Екпе алушының сұрақтарға берген жауабы бойынша қағаз жазылады. Қорытып айтқанда, екпе алушы медициналық есепте тұрса, соны нақты айтуы керек. Соңғы күндері денсаулығында өзгерістер байқаса соны мұқият баяндағаны жөн. Сондай-ақ, коронавируспен ауырғанына 3 ай өтпеген болса, анамнезін толық айтуға міндетті. Бұған үлкен жауапкершілікпен қарап, аллергиялық реакциясын, алдыңғы екпе дозалары қалай әсер еткенін толық айтқаны дұрыс. Шешімнің толық саналы түрде шығарылғаны керек», - деді Замира Борлықбаева.


Соңғы жаңалықтар