Ревакцинация коронавирустан қаншалықты қорғайды – маман кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыру және ревакцинациялау процесі қарқынды жүріп жатыр. Сол сияқты екпе алушы қандай вакцина салдыратынын өзі таңдайды. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі қайтадан вакцина салдыру не үшін маңызды және ревакцинация адамды індеттен қаншалықты қорғайтынын Нұр-Сұлтан қаласы №2 емханасының дәрігер терапевті Қалдыгүл Жанбосыновадан сұрап білген еді.

«Бүгін біздің емханаға Спутник Лайт вакцинасы әкелінді. Ол ревакцинаға ұсынылады. Және оны барлық адам ала алады. Әрине, өзіміздің QazVac пен Vero Cell вакцинасы бар. Сондай-ақ, біздің мамандар 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті әйелдер, бала емізетін әйелдер және 60 жасқа толған егде жастағы кісілер Pfizer вакцинасын салып жатыр. Жалпы біздің емханада вакцина және ревакцинация қарқынды жүріп жатыр. Вакцина алуға қарапайым халықпен қатар сала қызметкерлері де келеді», - деді Қалдыгүл Жанбосынова.

Маманның айтуынша, аталған емханада күніне 150-200 адам қайта вакцина салдырады.

«Вакцина алуға келген адамдардың жиі қоятын сұрағы - ревакцинаға кез келген вакцинаны алуға бола ма? Әрине, екпе алушы бізде бар вакцинаның ішінен өз қалағанын салдыра алады. Таңдау келушінің еркінде. Осы орайда ескеретін жайт бар. Егер пациент Спутник V вакцинасын алған болса, онда ревакцинаға басқа екпе (Спутник V емес) алуы керек. Өйткені, Спутник V - векторлық вакцина. Сондықтан қайта егуге инактивтендірілген вакцинаны алған жөн. Ол дегеніміз - Vero Cell, QazVac және Pfizer екпесі», - дейді ол.

Сондай-ақ, терапевт қандай жағдайда ревакцина жасатуға болмайтынына қатысты кеңес берді.

Және ревакцинация коронавирустан қаншалықты қорғайды деген сауалға жауап берді.

«Ревакцинацияның да өзіндік қарсы көрсеткіштері бар. Егер адам жедел респираторлық вирус инфекциясымен ауырып отырса, қайта вакцина алуға келгенде қан қысымы жоғары болса, келушінің өзін сезінуіне қатысты басқа шағымдары болса, онда ревакциянация кейінге шегеріледі. Және ондай жағдайда пациентке дәрігердің тексерісінен өтуге кеңес беріледі. Әрине, ревакцинация індеттен қорғайды. Өйткені, қайта вакцина алған адамда антидене саны көбейеді, ал оның саны көбейген сайын қорғаныш күшейе түседі. Вакцина және реквакцинадан кейін кейбір адамдар өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Мысалы, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, буындардың ауруы, тағы сол сияқты. Ол - қалыпты және өтпелі жағдай, қорықпау керек», - дейді маман.


Соңғы жаңалықтар