Республиканың экспорттық электр энергетикалық әлеуеті ұлғайды - Қанат Бозымбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге белгілі, 2009 - 2015 жылдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жұмыс істеді. Осы кезеңде генерация секторына 1 трлн 052 млрд 204 млн теңге инвестиция салынды. Бұл 1 720 МВт-ты жаңғыртуға және 1 237 МВт жаңа қуатты енгізуге мүмкіндік берді (жалпы 2 957 МВт). Парламентте жүргізілген жұмыстың арқасында 2015 жылы заң қабылданды. Онда электр энергетикалық саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етудің жаңа тетігі белгіленді. Осы түзетулерге сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, электр энергиясы нарығымен қатар электр қуатының нарығы жұмыс істей бастады», - деп еске салды министр.

Сонымен қатар ол энергия беруші ұйымдарды ірілендіру үшін заң деңгейінде талаптар белгіленгенін, олар кезең-кезеңмен енгізілетінін атап өтті.

«Заң қабылданып, бірінші талап қолданысқа енгізілгеннен кейін, мемлекеттік органдар энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге бағытталған іс-шараларды бастады. Мәселен, бүгінгі таңда энергия беруші ұйымдардың саны 162-ден 152 қысқарды. Оның ішінде 5 мемлекеттік кәсіпорын жойылды. Иесіз желілердің ұзындығы төмендеді. Сондай-ақ Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына әсер ететін оң көрсеткіштер байқалады. Атап айтсақ, соңғы тұтынушыларға тарифтерді төмендету, электр желілеріндегі жазатайым оқиғалар санын азайту, монополистер көрсететін қызметтер сапасын арттыру қамтылған», - деді Қанат Бозымбаев.

Бұдан бөлек ол шекара маңындағы елдермен ынтымақтастық жағдайына тоқталды.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергожүйелерімен қатарлас режімде тұрақты жұмыс істейді. Электр энергетикасы жүйесіне бағытталған ауқымды инвестициялардың арқасында соңғы жылдары республиканың экспорттық электр энергетикалық әлеуеті ұлғайды. Соңғы үш жылда экспортталатын электр энергиясының жиынтық көлемі 13, 8 млрд кВтсағ құрады. Бұл жалпы өндіру көлемінің 4,6 пайызын құрайды», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар