Республикалық жолдардың жол қызметтері қысқа дайын - ҚазАвтоЖол

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында 2018-2019 жылдың күзгі және қысқы маусымына республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дайындау мәселесі қаралды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақовтың төрағалығымен өткен кеңеске «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақавтожол» ЖШС, «Облжолзертхана»  мекемесінің облыстық филиалдарының және мердгер ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Қыс мезгілінде 24 382 шақырым жолды күтіп ұстау жоспарланып отыр. Жалпы ұзақтығы  2 372,3 шақырымды құрайтын 2 607 қар жиналып қалатын учаске анықталған. Автомобиль жолдарын қардан дер уақытында тазалау үшін аталған учаскелерге 1 074 техника бекітілген», - деп атап өтеді компаниядан.

«Қазақавтожол» ЖШС қысқы кезеңге 109 қазандықты, 194 өндірістік базаны, 129 жылыту бекетін, көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдар мен химиялық реагенттерді сақтауға арналған 84 қойманы дайындап қойған.

Бұған қоса, қазіргі уақытта 5 238 уақытша жол белгісі, 39 370 қарды тоқтататын қорған дайындалды. Айта кетерлігі, аталған жабдықтардың 10 960-ы қазіргі уақытта қар басу қаупі бар учаскелерге орнатылған. Су өткізетін құбырларды жабу жұмыстары басталды. Осы уақытқа дейін 1 872 құбыр бекітілді.

Қысқы кезеңде  жолдарға 1 308 техника шығарылады. Толықтай алғанда, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімді пайдалануға дайындық жұмыстары толықтай аяқталды.

Соңғы жаңалықтар