Республикалық жолдардың 387 учаскесін су басу қаупі бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республикалық жолдардың 387 учаскесін су басу қаупі бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқыны қаупінің уақтылы алдын алу және жою мақсатында министрлік автомобиль және темір жолдарды су тасқыны кезеңіне дайындау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда республикалық жолдардың ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды. Онда 1 216 көпір және 15 403 су өткізу құбыры бар. Осы жолдарда 387 қауіпті учаске, 74 көпір және 818 су өткізгіш құбырлар анықталды. Осы нысындарға 500-ге жуық жол пайдалану техникалары бекітілді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылды.

«Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, автожолдар мен жол құрылыстары тексеріліп жатыр. Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақтылы ұйымдастыру үшін инертті және басқа материалдарды дайындау басталды. Қазіргі уақытта материалдардың дайындығы 50 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 13 мың текше метр құм дайындалды, бұл жоспарлы қажеттіліктің – 66 пайыз, 3 мың текше метр тас – 52 пайыз, 11 мың текше метр қиыршық тас – 42 пайыз, 244 мың литр жанар-жағар май – 38 пайыз. Осы жылдың 15 ақпанына дейін қажетті материалдарды дайындау 100%-ға дейін жеткізіледі», - деді ол.

Министрдің дерегінше, ауа райы жағдайына байланысты ақпан айынан бастап 5 742 су өткізгіш құбырларды қардан тазарту жұмыстары жоспарланған. Су тасқынына қарсы іс-шараларды қаржыландыру автожолдарды күтіп-ұстауға бөлінген қаражат шеңберінде қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жұмыстарды орындау кезінде өңірлердің ауа-райы мен климаттық жағдайлары және өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері ескеріледі.

«Жаңғырту аясында соңғы жылдардағы жауын-шашын мен су тасқыны нормасына сүйене отырып, жасанды құрылыстарды салу, үйіндінің биіктігін арттыру, су тасқыны қаупі бар учаскелердегі еңістерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су құбырларының өткізу қабілетін арттыру үшін, тиісті жөндеулер шеңберінде құбырлар санын арттырып, диаметрін үлкейтіп ескі құбырларды ауыстыру жүргізіледі. Жалпы, автожолдарды қайта жаңарту есебінен су тасқыны қаупі бар учаскелер саны жыл сайын қысқартылды», - деді Марат Қарабаев.


Соңғы жаңалықтар