Республикалық жолдарда жылдамдық тіркейтін автоматты жүйе орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық маңыздағы жолдарда көліктің орташа қозғалыс қарқыны бойынша жылдамдықты асыру жағдайларын тіркеу жүйесі орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ІІМ Полиция аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты.

«Енді автокөліктердің орташа жылдамдығы есептелінеді. Бұл жүйе қазіргі таңда заңмен реттелмеген. Сондықтан жол қозғалысын реттейтін нормативтік құжаттарға орташа жылдамдық түсінігін енгізу ұсынылып отыр», - деді Полиция аға инспекторы.

Оның айтуынша, қазір жылдамдықты тіркеу жүйелері тек қала аумақтарында ғана орнатылған. Бірақ республикалық жолдардағы қозғалыс жылдамдығы реттелмеген.

«Автокөлікпен белгіленген жерлерде ғана жылдамдықты төмендетіп, одан ары қарай жылдамдықты қайтадан асырып жүру белең алған. Тас жолдарда, республикалық маңызы бар жолдарда А пунктінен Б пунктіне жеткенге дейінгі белгіленген жылдамдықты сақтауды қадағалау үшін осы түсінік енгізілмек. Яғни, көлік иесінің аталмыш қашықтықты қанша уақытта еңсергені есептелетін болады», - деді Ақтоты Боранова.

ІІМ өкілінің айтуына қарағанда, орташа жылдамдықты белгілеу үшін автокөлік шыққан кезде оның мемлекеттік белгісі, шыққан уақыты тіркеледі, одан соң Б пунктіне дейінгі жол ұзақтығы оның уақытына бөлінеді. Егер автокөлік белгіленген жылдамдықты асыратын болса немесе белгіленген уақыттан ерте келетін болса, жүйе автоматты түрде оның жылдамдықты асырып басқарғанын анықтап береді.

«592 баптың бөліктеріне өзгерістер енгізіліп, орташа жылдамдықты асырғаны үшін де әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылатын болады», - де атап өтті ол сөз соңында.

Соңғы жаңалықтар