Республикалық жедел-құтқару жасағына «Барыс» атауы берілмек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ашық НҚА порталында «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің атауы «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілсін. Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағындағы мемлекеттік мекемелер осы қаулыға қосымшаға сәйкес қайта ұйымдастырылсын», - делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Сонымен қатар, өңірлердегі Жедел-құтқару жасақтары Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің құрамынан шығарылады. Енді олар әрбір облыс пен Астана, Шымкент қалаларындағы аумақтық Төтенше жағдайлар департаменттеріне бағынысты ведомство болады.

«Жобада Мемлекет басшысының Түркия Республикасына сапары барысында айтылған түркі мемлекеттерінің төтенше жағдайлар жөніндегі органдарының бірлескен күштерін құру жөніндегі және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Жедел-құтқару жасақтарын Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтерінің құрамынан шығару және әрбір облыс орталығында және Астана, Шымкент қалаларында аумақтық Төтенше жағдайлар департаменттеріне ведомстволық бағынысты 19 дербес мемлекеттік мекемелер түрінде ұсынылады. Бір уақытта Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін арттыру үшін және Республикалық жедел-құтқару жасағы (Алматы қ.) орналасқан жерін ескере отырып, оны «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы деп қайта атау ұсынылады», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

Құжат 15 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар