Республикалық «Жас Сарбаз» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Республикалық «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалі өз мәресіне жетті. Түрлі өңірден келген 300 жас патриоттар өз өнерлерін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Феставальға «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының, «Жас Ұлан» әскери мектебі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушілері, әскери қызметшілердің балалары, «Жас Сарбаз» сыныбында білім алып жатқан оқушылар қатысты.

Олар үш номинация бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, вокал, фольклорлық орындаушылар және вокалдық-аспаптық ансамбль.

«Аспаптық орындау» номинациясында Ақтөбе қаласы Т.Бигелдинов атындағы әскери-патриоттық клубтың «Жас Ұлан» үрмелі оркестрі үздік деп танылса, «Фольклор» номинациясында «Балбырауын» ансамблі, «Вокалдан» Эльзара Кураисова бірінші орынды қанжығасына байлады. Фестивальдің басты сыйлығы, Гран-приға «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Авангард» ансамблі ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтар, «Жас Сарбаз» мүсіншелері мен дипломдар табыс етілді. Марапаттау рәсімі мен гала-концертке Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штаб бастығы генерал-майор Мұрат Бектанов пен Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.

«Жас Сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің мақсаты - жастарды патриоттық сезім мен белсенді азаматтық ұстанымға бағыттау, әскери қызметті насихаттау және Қарулы Күштердің имиджін көтеру. Фестиваль дәстүрге айналып, еліміздің творчестволық өмірінде жастар арасында үлкен ықыласқа бөленетіне сенемін»,- деді генерал-майор Мұрат Бектанов.

Әндер фестивалінің соңы гала-концертке жалғасты.

Соңғы жаңалықтар