Республикалық маңызы бар жол бойына 35 жаңа кешен салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2021 жылдан бастап республикалық маңызы бар жол бойында әжетханасы бар жаңа кешендер өз жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол бойындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қашанда біздің басты назарда. Соның ішіндегі ең өзектісі ол әжетхана. Осы орайда 2021 жылдан бастап еліміздегі ірі жолдар бойында арнайы кешендер пайда болады. Оның ішінде әжетханадан бөлек, жанар-жағар май стансасы, дүкен, дәмхана және тағы басқа жолаушы тұтынатын қажеттілік болады. Бүгінде алғашқы кешеннің құрылысы басталып кетті, ол алдағы жылы Қапшағай тасжолында ашылады. Ал жалпы Қазақстан бойынша 35 кешен салу жоспары бар, ол үшін инвестиция есебінен 30 млрд теңге жұмсалады», - деді Ұ. Әліпов.

Сондай-ақ, компания басшысы жол бойында әжетхана орнатудың өзіндік проблемаларын да айтып өтті.

«Жол бойында арнайы кешен немесе жай ғана әжетхана орнатудың түйткілді жағы, бізде далалық жерлер көп, яғни елдімекендердің арақашықтығы алшақ. Яғни ел жоқ, жұрт жоқ жерге заманауи әжетхана орнату тиімсіз. Сондай-ақ, айдаладағы әжетханаға жарық пен суды жеткізу қиындығы да бар. Өздеріңіз білетіндей, біз жолдар бойында (KazWay) вакуумды әжетхана ортануды қолға алдық. Бүгінде еліміз бойынша 10 шақты KazWay әжетханасы жұмыс істеп тұр. Дегенмен ол өзінің қымбаттығымен халық арасында сынға ұшырады. Қымбат болу себебі вакуум бізде шығарылмайды ол Еуропадан әкелінеді және оның біреуінің құны 14 млн теңгені құрайды. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін біз кейбір аймақтарда әжетханамен қамтуды бизнес өкілдеріне бердік, ал ол өз кезегінде ақылы болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар