Республикалық коммуникациялар орталығы және coronavirus2020.kz сайты – жұмыс қалай ұйымдастырылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясы туралы мәлімет пен азаматтарға түсіндірме жұмысын күн сайын республикалық коммуникациялар орталығы мен coronavirus2020.kz сайты жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавирус инфекциясымен күрес кезінде мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді қамтамасыз етуге арналған республикалық коммуникациялар орталығының жұмысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қайта жаңғырды. Күн сайын қазіргі уақытта әрі қолша ақпараттарды сараптап, мәліметтерді жинап, шынайы және сенімді кеңес дайындалады. Telegram мессенджерінде мемлекеттік орган қызметкерлері қосылған жедел бақылау тобы құрылды. Телеграм-чат резонансты тақырыптарды анықтап, оларға уақытылы жауап беруге мүмкіндік береді.

ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап қазақстандықтар үшін таңертең coronavirus2020.kz сайтынан мәліметтерді қарау әдетке айналды. Бұл порталды халықты Қазақстандағы коронавирус инфекциясының таралу жағдайы туралы сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрды. Сайтты өте қысқа мерзімде 20 наурыз күні «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ жасады.

Ресурста коронавирус инфекциясы туралы соңғы деректер, карантин кезіндегі ережелер, коронавируспен күресте мемлекет қабылдаған шаралар мен оның салдары жарияланады. Осы жерде желіде тарап жатқан жалған ақпарат та теріске шығарылады. Күн сайын сайтқа 100 мың қолданушы кіреді.

Портал азаматтардың үндеуіне жауап беруімен ерекшеленеді. Қарапайым қазақстандықтардың сұрағына мемлекеттік органдар жауап береді. Соңғы күндері сайт арқылы түсіп жатқан үндеулермен жұмыс күшейтілді. Өткен екі аптаның өзінде 8 мың оқырманның сұрағына жауап берілді. Жалпы сервис жұмысын бастағалы 40 мыңға жуық сұрақ келіп түскен.

Сoronavirus2020.kz порталының Telegram-арнасы жазылушылар саны бойынша қазақстандық арналар ішінде бірінші орында тұр. Арнаның 440 мыңға жуық жазылушысы бар. Бір жариялымды орташа есеппен 220 мыңға жуық желі қолданушысы көреді. Арнада тәулігіне 40-қа жуық хабарлама жарияланады.

Айта кеткен жөн, арнаның Telegram мессенджері әкімшілігінен алған ресми верификациясы (арна атауының жанындағы арнайы белгі) бар. Жазылушылар осы арқылы ақпараттың сенімді екеніне көз жеткізеді.

Республикалық коммуникация орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.

Медицина саласындағы сарапшылармен сұхбат ұйымдастырылып, олар коронавирус инфекциясының алдын алу, бекітілген емдеу хаттамалары, КВИ анықталған жағдайда не істеу керектігі жөнінде мәлімет береді. Мұнда айтылған ақпараттың бәрі coronavirus2020.kz ресми сайтында және Coronavirus2020.kz Telegram-арнасында жаңалық, инфографика және видеографика түрінде жарияланады.

Тағы бір маңызды жұмыстың бірі – ҚР ПӘ жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің күн сайынғы брифингі. ТЖ енгізілген уақыттан бастап (16 наурыздан) ОКҚ алаңында онлайн режимде 143 баспасөз шарасы ұйымдастырылып, коронавирус жағдайы мен енгізілген карантиндік шаралар туралы айтылды. Шілде басталғалы ОКҚ алаңында медицина сарапшылары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің қатысуымен 15 брифинг өткізілді.

Оған қоса облыс әкімдері мен денсаулық сақтау басқармасы өкілдері қатысатын брифингтер Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңдарында да өткізіледі. Спикерлер КВ жұқтырған науқастарға емхана жағдайында медициналық көмек көрсету, бекітілген емдеу хаттамалары мен коронавирусты диагностикалау туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Соңғы уақытта брифингілерге БАҚ өкілдері «ZOOM» бейнеконференц-байланысы арқылы қосылып, спикерлерге сұрақ қоя алатындай мүмкіндік жасалды. Жалпы, бір брифингтің өзінде спикерлерге БАҚ пен тұрғындардан шамамен 20-50 сұрақ қойылады.

ОКҚ-нің ortcom.kz сайты журналистер ғана емес, тұрғындар да КВИ туралы сенімді ақпарат алатын негізгі дереккөздердің біріне айналды. Оған сайт қолданушылары санының артқаны дәлел.

Соңғы жаңалықтар