Республикалық бюджетке 19 млрд теңге артық кіріс түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың төрт айында республикалық бюджетке 19 млрд теңге артық кіріс түсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2019 жылдың 4 айындағы мемлекет бюджетінің атқарылу қорытындысы туралы баяндаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңнің жоспарына қарағанда - 103,9, олардың ішінде республикалық кірістер - 100,9, жергілікті бюджеттер 113,5 пайызға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 2 127 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 19 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 345 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны - 119,4 пайыз. Артық орындалу сомасы негізінен салықтық емес түсімдер - 13 млрд теңге. Олардың ішінде 4,1 млрд теңге мемлекеттік меншіктен түскен кірістерге, 7,4 млрд теңге айыппұлдарға, өсімдерге тиесілі. Ал салықтар 4,3 млрд теңгеге асыра орындалды», - деді Ә.Смайылов.

Оның дерегінше, елімізде өндірілетін тауарларға салынатын қосымша құн салығы жоспардан - 15 млрд теңгеге, табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланғаны үшiн түсетiн түсiмдер - 6,5 млрд теңгеге, халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар 17 млрд теңгеге артық орындалды. Бірақ, корпоративтік табыс салығы - 17 млрд теңгеге, импортқа салынатын қосымша құн салығы 21 млрд теңгеге орындалмады. Корпоративтік табыс салығының жоспарының орындалмауына әлі де болса екінші деңгейдегі банктердің табыстарының төмендеуі, банкроттыққа ұшырауы, лицензияларды кері қайтарып алуы себеп болып отыр. Мұнан бөлек, уран және тау-кен өндіруші компаниялардың өткізу бойынша айналымдарының, табыстарының төмендеуі де әсер етті.

«Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 91 млрд теңгеге артығымен орындалып, 761 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу сомасының 74 млрд теңгесі жергілікті салықтарға келеді. Манғыстау облысы мен Шымкент қаласында кірістердің жоспары орындалмады. Қалған өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды. Олардың ең ірі сомалары Алматы қаласында және Атырау облысында қалыптасты», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар