Республикалық бюджет шығыстары 2,6 трлн теңгеге арттырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл республикалық бюджеттің шығыстары 2 трлн. 615,1 млрд. теңгеге арттырылды. 

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, биыл ЖІӨ-нің өсуі 2,5 пайыз деңгейінде бағаланып, номиналды ЖІӨ 49 740,6 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр.

«2017 жылы түзетілген болжам бойынша мұнай өндіру көлемі 81 млн. тоннаға көтерілді. Екіншіден, мұнай бағасының болжамы барреліне 35-тен 50 АҚШ долларына дейін жоғарылады»,-деді министр.

Мұнымен қоса, инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыз межесінде сақталады деп жоспарланып отыр.

«Биылға арналған республикалық бюджет параметрлері болжамы түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде нақтыланды. 2017 жылы республикалық бюджеттің кірістері 4 трлн. 891,9 млрд. көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 553,7 млрд. теңгеге жоғары. Негізгі түсімдердің ұлғаюы макроэкономикалық көрсеткіштің жақсару есебінен, сондай-ақ корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, экспорттық кедендік баж есебінен көтерілуде»,-деді Сүлейменов.

 «2017 жылы республикалық бюджет шығыстары бойынша болжам 11 трлн. 176,4 млрд. теңге көлемінде айқындалды, бұл бекітілген сомадан 2 трлн. 615,1 млрд. теңгеге жоғары. Бюджет жобасы макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауды, сонымен қатар әлеуметтік міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етеді»,-деді ол.

Мәжілістің жалпы отырысындағы талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын мақұлдады.  

Соңғы жаңалықтар