Республикалық бюджет кірістері 16 млрд теңгеге артық орындалды - Бақыт Сұлтанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында республикалық бюджет кірістері жоспардан 16 млрд теңгеге артық орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 1 тоқсандағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жайында баяндаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері мемлекеттік бюджет профицитпен атқарылуда. Ол жергілікті бюджеттер кірістерінің жоспардан асыра орындалуы есебінен қалыптасуда. Нәтижесінде 325,1 млрд теңге кассалық қалдықтар қалыптасты. Оның ішінде республикалық бюджетте - 26,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттерде - 298,5 млрд теңге», - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның дерегінше, мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 105,1, олардың ішінде республикалық кірістер - 100,9, жергілікті бюджеттер - 117,1 пайызға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1 781,7 млрд теңге кірістер түсті. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 173 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны - 110,7 пайыз.

«Жоспардың артығымен орындалуы негізінен салықтар бойынша қалыптасты. Олардың ішінде, үстеме табыс салығы - 8,5 млрд теңге, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден баж салығы - 32,1 млрд теңге. Бірақ, жыл басынан бері корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмау тенденциясы жалғасуда. Есепті кезеңде жоспар 43 млрд теңгеге орындалмады. Басты себебі - банк секторынан түсімдердің азаюы  және бірқатар салық төлеушілердің өткен кезеңдерде артық төлеу есебінен салықтар төлемеуі. Осы айтылған себептерді ескере отырып, нақтыланған республикалық бюджетте корпоративтік табыс салығының жылдық жоспары 63 млрд теңгеге азайтылған болатын», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, жергілікті бюджеттердің кірістері 106 млрд теңгеге артығымен орындалып, 728 млрд теңгені құрады. Асыра орындалған соманың 77 млрд теңгесі жергілікті салықтарға тиесілі. Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды.

Соңғы жаңалықтар