Республикалық ән байқауында жеңген ауыл мұғалімі: Адамды жетістікке жетелейтін – ниет пен еңбек

None
Фото: Сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Мирас Ерболов Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Вокалмен кәсіби түрде мүлде айналыспаған 23 жастағы жігіт республикалық «X-Factor» жобасының тоғызыншы маусымына қатысып көруге бел шешкен. Қазылардың құлақ құрышын қандырып, алғашқы сыннан сүрінбей өткен ол гранд-финалда тыңдарман көңілін сүйсінтіп, жеңімпаз атанды. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Мирас сол ән байқауынан алған әсері, алдағы жоспары туралы әңгімеледі.

- Әңгімемізді әншілік қабілетті бойыңыздан қашан байқағаныңыздан бастасақ?

- Бала күннен бері ән айтқанды жақсы көретінмін. Мектептегі концерттерде үнемі ән шырқап жүрдім. Бірақ, ешқашан вокалмен кәсіби түрде айналысқан емеспін. Жасөспірім шақта даусым өзгере бастады. Бұрынғыдай әнді нақышына келтіріп орындай алмайтын болдым. Сөйтіп, әнші боламын деген ойымнан айнып қалдым. Музыкадан бөлек, спортпен айналысқанды жақсы көретінмін. Ағама еріп, еркін күреске қатысқаным бар. 7-сыныптан бастап әлі күнге дейін волейболмен шұғылданамын. Осылайша, мектеп бітірген соң дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боламын деп шештім.


Студент кезімде күнделікті қажеттіліктерге ақша жетіспегендіктен, қосымша жұмыс іздей бастадым. Қолыма қайта микрофон алып, Өскемендегі мейрамханаларда өнер көрсетіп жүрдім. Бірақ, диплом алғаннан кейін әншілікті тағы да тастап, кіндік қаным тамған Үлкен Нарын ауылындағы мектепке жұмысқа орналастым.

- Республикалық «X-Factor» жобасына қатысуыңызға не себеп болды?

- Әншілікке қайтадан былтыр бет бұрдым. Караоке бойынша Қазақстан чемпионаты өтетінін естіп, бағымды сынап көрейін дедім. Сонда гранд-финалға дейін жеттім. Көп ұзамай маған байқаудың Норвегияда өтетін халықаралық кезеңіне баруға ұсыныс жасалды. Бірақ, жол шығынын өзің көтереді екенсің. Не де болса қатысамын деп шешіп, демеушілер іздеуге көштім. Сол аралықта виза алу үшін Алматыға келдім. Ол кезде қалада «Х-фактор» жобасының іріктеу кезеңі енді өтіп жатқан. Оны да көрейін дедім. Мәди Сыздықовтың репертуарындағы «Сағындым» әнін айтып, қазылардың сынынан өттім. Ақша табылмағандықтан, Норвегияға бара алмадым. Бірақ, «Әр істің қайыры бар» демекші, егер шетелге кетсем бәлкім осындай жетістікке жетпес едім.


Байқаудың екінші кезеңінде 15 адамның тек бесеуі ғана қалатыны айтылды. Сол бестіктің қатарына мен өтпей қалыппын. Заттарымды жинастырып, ауылға қайтып кеттім. Жаңа оқу жылы да басталып жатты. Кейін жоба ұйымдастырушылары 1-кезеңде өнер көрсеткендердің біріне «Көрермен көзайымы» жүлдесі беріліп, қайта шақырылатынын хабарлады. Оны қазылар алқасы емес, халық дауыс беру арқылы шешеді екен. Сөйтіп, мен 4 600 дауыс алып, жобаға қайта оралдым.

Гранд-финалға шыққан соң дайындықты күшейтіп, тынбай еңбектендім. Осы уақыт ішінде өзімнің қаншалықты дами түскенімді, қалай өзгергенімді сездім. Әншілік қабілетім оянып, өзіме деген сенімділік артты. Бұл ретте, тәлімгерім Нұрберген Махамбетовке ерекше алғыс айтқым келеді.

Жобада жеңімпаз атанғанымды естігенде қуанышымда шек болған жоқ. Мүлде сене алмай, сол жерде не айтқанымды да ұмытып қалдым. Әлі де бәрі түсім секілді. Ұтқан 5 млн теңгені ән жазуға, жеке альбом шығаруға және ауылдағы үйді сатып алу үшін банктен алған несиемді жабуға жұмсаймын.

- Осы ән байқауында жақындарыңыздың, жерлестеріңіздің қолдауын қалай сезіндіңіз?

- Отбасымның, туған-туыстарымның, достарымның, әріптестерім мен барша жерлестерімнің қолдауы ерекше болды. Әлеуметтік желіде қаншама пост жазылып, талай флешмоб ұйымдастырылып, аудан көшелеріне баннерлер мен билбордтар орнатылды. Аудан әкімдігі зор қолдау танытты. Оқушыларым да хабарласып: «Сәттілік, аға! Жеңісіңізді тілейміз!» - деді. Сол үшін баршаңызға шын жүректен рахмет айтқым келеді!

- Алдағы уақытта тағы осындай ән додасына қатысқыңыз келе ме?

- Иә, әрине. Осымен тоқтамай өзімді тағы көрсеткім келеді. Енді басқа елдерге барып, бақ сынасам деймін. Алдағы уақытта «Азия дауысы» мен «Славян базары» байқауларына қатысуды жоспарлап отырмын.

- Музыкадан бөлек басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар?

- Тамақ пісірген ұнайды. Анам аспаз болып жұмыс істейді. Бала кезден түрлі тамақ жасауды үйрендім. Одан кейін достарыммен бірге футбол ойнағанды жақсы көремін.

- Ата-анаңыз қандай тәрбие берді? Олар көбінесе қандай ақыл айтатын?

- Үйдің кенжесі болғандықтан, ерке болып өстім. Әке-шешем үнемі маған таңдау құқығын беретін. Әрдайым қолдау көрсетіп, тілеуімді тілейтін. Адамгершіліктен аттамай, өзгеге қолыңнан келгенше көмектесіп жүру керектігін санама құйды. Бағып-қағып, осы күнге жеткізген ата-анама өле-өлгенше қарыздармын!

- Осы жеңісіңіз арқылы ауылдағы таланты бар адамның биік белесті бағындыра алатынын дәлелдеп, өзгелерге мотивация сыйладыңыз. Сахнаға шығуға қорқып жүрген жас таланттарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

- Адамды жетістікке жетелейтін – ниет пен еңбек. Ең әуелі осы екеуі керек. Ауылда не қалада тұрсаң да, талантың болса алынбайтын қамал жоқ. Күні кеше «X-Factor» жобасының алғашқы кезеңінен ғана өтетін шығармын» деп қатысып көре салған мен бүгін жеңімпаз атанып отырмын. Халықтың қолдауын, қошеметін көрген соң өзіңе деген сенімділік одан сайын артып, бағытыңның дұрыстығын, қолыңнан келетінін сезеді екенсің. Сол үшін жастарға ештеңеден қорықпай, амал қылу керектігін айтқым келеді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар