Республикалық әкелер форумына қатысушылар Бурабайда бас қосты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Ақмола облысының әкімдігімен және «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Әке – отбасының тірегі» атты 4-ші республикалық әкелер форумын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы жиында отбасы институтын және отбасылық тәрбиедегі әкенің рөлін нығайту, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту аясында балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруға, білімге ұмтылысты өсіруге қоғамның назарын аудару мәселелері талқыланды. Форумның жұмысына «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мен ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, үлгілі әкелер – барлық өңірден келген 150 делегат қатысты.

Шараға қатысушыларға алдымен «Әке көрген оқ жонар» қолданбалы өнер көрмесі мен «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы бейнеролик ұсынылды. Онда «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы, ағымдағы жылы өмірден озған Қуаныш Жұматаев еске алынды. Форумды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ұлттық комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұлов шараның мақсаты, бүгінгі таңда отбасындағы әкенің рөліне тоқталды.
«Қазір отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін көтеру, балалардың бойында партиоттық сезімді оятып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлін нығату мәселелеріне қоғам назарын аудару қажет», – дей келе, Бақытбек Смағұлов «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Қуаныш Жұматаевтың ата-анасына «Намыс» төсбелгісін тапсырды.


Форумға жиналғандарға облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ыстық сәлемін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова адам өмірі отбасынан басталатынын, халқымыз әкені асқар тауға балағанын, жұмақ ананың табанының астында деп аналарға құрмет көрсеткенін, бала – бауыр еті деп ұрпағына айрықша қамқорлық танытқанын айта келе, ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттықты сыйлау әрбір адамның қасиетті борышы екенін атап өтті.


«Отбасы – қоғамымыздың негізін құраушы маңызды институт болып табылады. Қоғамда өз орнымызды тауып, ақ пен қараны ажырата білуде жанұядан алған жылылықтың маңызы зор. Облыста отбасын қолдау мақсатында ресурстық орталық, әлеуметтік қызметтер, қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Отбасы әлемі» жобасы, «Бақытты отбасы» клубы жүзеге асырылуда. Өңірімізде 14 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрса, оның 7700-і әлеуметтік көмекпен қамтылды», – деді Айна Мысырәлімова. Сонымен қатар, «Әке – отбасының тірегі» форумын ұйымдастырушыларға алғысын білдірген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мақсат Сқақов отбасының беріктігін сақтауда өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.


Форумның «Әке – қоғамның рухани жаңғыруындағы маңызды әлеуметтік институт» пленарлық сессиясында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин «Қазақстандағы отбасы институтының дамуы: мәселелері мен келешегі», Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «Баланың өзін-өзі дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету – жаңа жағдайда отбасы мен мектептің өзара іс-қимылының маңызды мәселесі», «Рухани жаңғыру» орталығының директор Ғалымжан Құсманғали «Ұлы Абайдың тәрбие тағылымдары және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», «BTS Digital» білім беру жобаларының жетекшісі, саясаттанушы Саясат Нұрбек «Отбасының балалардың қабілеттерін дамытуға әсері», «Әкелер одағы» ҚБ төрағасы Берік Рақышев «Қазақстанда әкелер қоғамдық қозғалысын дамыту туралы» тақырыптарында әңгіме өрбітті.


Форум аясында қатысушылар Ресей Федерациясының «Союз отцов» орталық комитетінің мүшесі Владимир Анисимов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш ұсынған жұмыс тәжірибелерімен танысты. Іс-шараның соңында үздік үлгілі әкелер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталды. «Әке – отбасының тірегі» 4-ші республикалық әкелер форумының резолюциясы қабылданды.




Соңғы жаңалықтар