Республика күніне орай Астанаға 6 шетелдік театр келе жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ертең Астанада Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған театр фестивалі басталады. Оған 8 қазақстандық, 6 шетелдік театр қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астана қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин әкімдіктің онлайн брифингінде мәлім етті.

«22-30 қазан аралығында Астана қаласында театр апталығын өткізу жоспарланған. Осымен екінші рет елордада шымылдығын түріп отырған фестиваль Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақстан емлекметтік сыйлығының иегері, көрнекті театр және кино режисері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған», - деді басқарма өкілі.

Сондай-ақ, ол фестивальде бақ сынайтын ұжымдардың тізімін ұсынды.

«Фестивальге республиканың түкпір-түкпірінен 8 театр: Астана қаласының Жастар театры, Өнер театры (Алматы), Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы), Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік акаедмиялық қазақ музыкалық драма театры (Астана), Абай атындағы мемлекеттік музыка театры (Семей), Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы қазақ мемлекеттік драма және комедия театры (Астана) қатыспақшы. Сонымен қатар бұл фестивальде 6 шетелдік театр өнер көрсетеді. Бұл - Махтумкули атындағы түркімен ұлттық музыкалық драма театры, Әбдумомынов атындағы қырғыз мемлекеттік академиялық драма театры, Гейдар Әлиев атындағы Тблиси мемлекеттік мемлекеттік әзербайжан театры, Өзбек мемлекеттік Жизақ драма театры, Санкт-Петербург камералық театры», -дейді Нұран Қамзин

Фестивальдің ашылуы 22 қазан күні сағат 19.30-да Әзербайжан Мәмбетов атындағы қазақ мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді.

«Апталықтың салтанатты ашылуында Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі ұсынылады. Апталық кезінде Әзірбайжан Мәмбетов режисерлік еткен спектакльдер қойылады. Жабылу салтанаты да осы театрда 30 қазанға жоспарланған. Фестивальдің өтетін орындары – Әзірбайжан Мәмбетов атындағы қазақ мемлекеттік драма және комедия театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры және Музыкалық жас көрермен театры», - деді әкімдік өкілі.


Соңғы жаңалықтар