Республика қаһармандары: Түркістан облысында 18 жетім баланы бауырына басқан Ана тұрады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Кентау қаласының тұрғыны Түймегүл Ергешқызын көпшілік алтын жүректі Ана деп біледі. Ол ата-анасынан ерте айрылған 18 баланы асырап алып, қамқорлық танытып отыр. «ҚазАқпарат» ХАА Республика күні мерекесі қарсаңында «Республика қаһармандары» атты жоба ашып, мақалалар сериясын жариялай бастаған. Бүткіл елге аты танылмаса да өзінің белсенді өмірлік ұстанымымен қалың көпшілікке үлгі болған бүгінгі қаһарманымыз - Түймегүл Ергешқызы.

Түймегүл Ергешқызы 10 қыз бен 8 ұлды қамқорлыққа алған. Олардың ұлттары да әртүрлi. Атап айтар болсақ, бiреуi орыс, бiреуi өзбек, ендi бiрi кәрiс ұлтынан. Қалғандары қазақтың қаракөздерi. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан әр ұлт өкілінің балаларын көргенде Түймегүл апайдың үйі «шағын ассамблея» іспетті көрінеді.

«Өмiрiмнiң мәнiсi - өзгеге жақсылық жасау» - деп бiлетiн қамқор жанның басты мақсаты – бүлдiршiндерiн қатарынан кем қылмай өсiру, үлкен азамат етiп тәрбиелеу.

«Өмiр осынысымен маңызды, мағыналы. Өзiм балажанмын. Жетiм балалардың бiреудiң қолына жәутеңдеп, қарап жүргенiн көргенде жүрегiм ауырады. Шыдай алмаймын. Сондықтан бала асырап аламын деген шешiмге келдiм. Маған балалар әртүрлi жағдайда келдi. Бiрiн дүниеге келе салысымен қолыма алсам, ендi бiрiн 1,5 жасында, бiреуiн ес бiлер ересек шағында қамқорлығыма алдым», – дейдi Түймегүл Ергешқызы.

Тұрғын үйде балалардың жаттығу жасауына, сабақ оқуына, бос уақыттарын тиiмдi өткiзуіне, демалуына арналған арнайы бөлмелер бар. Қажеттi жиһаздармен жабдықталып, көрнекiлiктермен қамтамасыз етiлген. Аулада бүлдiршiндер үшiн ойын құрылдары орнатылған. Яғни, әрбір баланың қалыпты азамат болып өсуіне барлық жағдай жасалған.

«Балалар үйiне барсам жүрегiм ауырады. Барлық балаларды асырап алғым келiп тұрады», – дейдi қамқор жан.

Бүгінде Түймегүл Ергешқызы ұлдың үлкені Қайсарды үйлендіріп, еншісін берді. Ал, бойжеткен екі қызын той жасап ұзатты. Сондай-ақ, екі қызы студент болса, бір ұлы әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Қалған 4 жеткіншек мектепте оқып жүр. Ал, 4 жасар Айбарыс балабақшаға барады. Нұрқанат есімді ұлы қарашаңыраққа бас болып отыр. Әзірге, ұл-қыздарынан 7 немере сүйді.

«Ұлдарымның барлығын сүндетке отырғызып, той жасап бердім. Қазір күнделікті тіршілікте қолғабыс етуде. Баршасы бойжетіп, ержетіп үлкен өмірге қадам басып жатыр. Олар да бір-біріне бауырмал. Немерелерім де өсіп келеді. Солардың тәтті қылығын тамашалап жүріп, күннің қалай өткенінде білмей қаламын»-дейді ол.

Түймегүл Ергешқызының өзі де көпбалалы отбасында өскен. Сондықтан бауырдың, аға-әпкені қадірін жақсы біледі. Балаларына да бұл тұрғыда кең көлемді түсінік беріп, бауырмалдық қасиетті қалыптастырып қойған. Қазір баршасыда үлкенге ізітпен, кішіге құрметпен қарайды. Бір бірінің сабақтарын қадағалап, үй тапсырмаларын бірге орындайды. Одан бөлек, есік алдындағы жұмыстарды бірге атқарады. Отбасылық кәсіпке бас көз болып, аналарына көмектеседі.

«Біз әкемiзден ерте айрылдық. Үйдiң үлкенi болғандықтан, сiңлiлерiм мен iнiлерiме қамқор болып, анама қолғабыс еттiм. Бәрi бiлiм алды, өсiп-өндi, қазiр өздерiнiң отбасы бар. Кейiн бұл игi iсiмдi жалғастыруды ойладым» - дейді қамқор жан.

Жалпы алтын жүректі ана бала асырап алуды 33 жасында бастаған. Алғашқы қызын қолға алған сәтінде үлкен әсерге бөленіпті. Содан жыл сайын отбасы мүшелері көбейе түскен. Ілгеріде балаларға қарау, жетілдіру қиындық тудырғанымен, кейін қалыптасып кеткен. Дегенмен, ол «18 баланы қамқорлыққа аламын деп ойламағанмын» - дейді.

«Барлығы Алланың қалауымен болды. Мен бақыттымын. Мен балаларыммен бақыттымын» - дейді алтын жүректі ана.


Соңғы жаңалықтар