Республика қаһармандары: Шымкентте ТМД-да баламасы жоқ электромобиль құрастырылып жатыр

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстандағы тұңғыш электромобильдер Шымкентте құрастырылып жатқаны туралы ақпарат бізді де елең еткізді. Биыл ерекше мәртебе алған мерекенің қарсаңында «Республика қаһармандары» атты жоба ашып, лайықты тұлғалар іздестіре жүрген едік. Осынау ұлы іске белсене білек сыбана кіріскен өрендерге көңіліміз түскені сондықтан. Жігерлі жігіттердің еңбегін ерен ерлікке балап, «қазіргі заманның қарапайым қаһармандары» деп бағалағанды лайық көрдік.

Шымкентте «Илон Масктың» ізбасарлары тұрады. Бүгінде Нұрсұлтан, Абылай, Дәурен есімді 3 жігіт «Beren motors» атты шағын кәсіпорын ашып, ескі көліктерден электромобиль жасап жатыр. Мәселен, 1974 жылғы Ford маркалы көліктің маторын ауыстырып, орнына электромобиль орнатты. Ондағы қажетті құрылғылардың көпшілігін өздері қолдан жасап шыққан. Тек елде кездеспейтіндерін ғана шетелден алдырды. Онға жуық инженерден тұратын команданың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ескі көлік заманауи қалыпқа келді. Қазір жүріп тұр. Кілтті бұрап іске қосқанда дыбыссыз оталады. Ал, жанар май құйып, коробканың майын тексеру деген жұмыс мүлдем жоқ.

«Қазір электромобильдердің ең арзаны 35 000 доллар тұрады. Бұл әрине қымбат. Содан біз конвертация жасауды ойластырдық. Мәселен, елдегі көліктерге газ орнату ісі осыдан 5,6 жыл бұрын кең етек алды. Дәл солай неге электромобиль жасамасқа деген ой келді. Содан бүгінгі күні сол идеяны жүзеге асырып келеміз. Оған қосымша қуаттағышты да қолдан құрастырдық. Алдағы уақытта қала ішіндегі бекеттерге орнатамыз» - дейді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Сейсембаев.

«Beren motors» кәсіпорнының кеңсесінде электромобильге айналған 7 көлік бар. 1993 жылғы Wolkswagen Golf 3, 1991 жылғы Rolls-Royce, 1974 жылғы Retro Ford және 2013 жылғы BMW Х1 және sport car BMW Z3 электр энергиясынан қуат алады. Шамамен көлік қуаты 200-250 шақырымға дейін жетеді. Ал, ішіндегі арнайы датчиктен қанша қуатының қалғанында көріп отыруға мүмкіндік бар. Қуаттау үшін үйдегі 220 Вт розетканы да қолдануға болады. Сондай-ақ, кейбірі саусақ іздері арқылы іске қосылып, есіктері қол сүйкеумен ашылады. Мұның баршасында осындағы инженерлер жасап шыққан.

«Біз әр жылы қолданысқа берілген көліктерді таңдап алып, электромобиль орнаттық. Көпшілік жоғары баға беріп отыр. Бұл бір жыл ішінде команданың жеткен жетістігі деп білемін. Біздегі жігіттер өте білімді. Тәжірибесі мол. Жұмысқа берілгендіктері соншалықты тәулік талғамай еңбек етеді. Сондықтан әрбір жетістігіміз үшін команда мүшелеріне айтар алғысым шексіз» - дейді Нұрсұлтан.

Қазір «Beren motors» кәсіпорнында үш цех бар. Оның бірі темірден жасалатын бұйымдарға арналса, екіншісінде интерьер жасақталған. Ал, үшіншісі негізгі кеңсе. Баршасында 30 жуық азамат тұрақты жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі инженерлер. Сондай-ақ, инвестор үш жігітке Англияда бірге оқиған достары да әрдайым қолдау білдіріп отырады. Тіпті, Африка елдерінде тұратын таныстары жобаға қызығушылық танытып, арнайы тапсырыста берген.

«Сенегал мемлекетінен алған арнайы тапсырысымыз бар. Range Rover көлігінің прототипін жасап жатырмыз. Бұл да электромобиль. Дайын болған соң, шетелге жібереміз. Ал, Rolls-Royce-ты Тайландқа аукционға шығарамыз. Команда күні-түні сол жұмыстан босап жатқан жоқ» - дейді ол.

Нұрсұлтанның айтуынша, электромобильдер қозғалтқышты іске қосқанда бірден күш алады. Қырға да қиналмай шығады. Жылдам жүреді. Әрі мотордың дауысы шықпағандықтан, артық шум естілмейді. Көлігінің маторын электрлі жүйеге ауыстырғысы келетіндер үшін мұндағы инженерлер қажетті кеңестер беруге әзір. Ал, тапсырыс берсе сапалы орындауға мүмкіндіктері жетеді. Жалпы, бір көлікті электромобилге айналдыру ақысы 4,5 млн теңгені құрайды.

«Электромобильдер үшін қажетті микрочиптерді дүние жүзі елдері тек Тайвань аралынан алады. Егер Тайваннан микрочиптиің келуі тоқтайтын болса, әлемдегі автомобиль өндірісіне зиянын тигізуі мүмкін. Ал бізде жасалған көліктерге мұнан келетін қауіп жоқ. Себебі біздің электромобильдерге контройлер құралын пайдаланамыз. Оны өзімізде өндіріп жатырмыз. Алдағы уақытта маторды да өзіміз жасап шығамыз деген жоспарымыз бар» - дейді Нұрсұлтан.

Англияда білім алған Нұрсұлтан, Абылай, Даниярдың арманы асқақ, мақсаты айқын. Қосымша түрлі бизнестері де бар. Ал, негізгі мақсаттары қазақ электромобильдерін әлемге таныту.

«Біздің елде 20 млн-ға жуық - ақ халық тұрады. Көп емес. Сондықтан жасыл энергияның түгелдей қолданысқа ендіруге болады. Жалпы электромобиль - бұл болашақ. Ал, біздің арманымыз сол болашақты тездетіп елге алып келу» - дейді олар.


Соңғы жаңалықтар