Республика қаһармандары: Петропавлдық ерікті бос уақытында қаланы қоқыстан тазартумен айналысады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны Азат Жұмағұл жалғыз өзі бірнеше жыл бойы шаһар көшелерін қоқыстан тазартумен айналысып келеді. Ол үшін бұл қандай да бір қызметтік тапсырма емес, ол мұны жан қалауымен істейді. Ұлттық мерекеге орай ҚазАқпарат агенттігі ұйымдастырған «Республика қаһармандары» жобасы аясында біз арамызда жүріп, батырлық танықтан танымал тұлғалар мен белсенді азаматтардың естелігіндегі есті әңгімелермен бөлісеміз.

Азат Жұмағұл қоршаған ортаны аялау мақсатындағы эковолонтерлік қызметін 2018 жылы қолға алған. Бастапқы кезеңде жас жігіт бірнеше жылдан кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы экология мәселелерін шешу бағытындағы бетке ұстар азаматы, эко-амбассадоры болатынын білмеген көрінеді.

«2017 жылдың қыс маусымында мен үйде жатып, әлеуметтік желілердегі ақпараттарды оқу барысында Антон Васильевтің парақшасын көргенім әлі есімде. Ол - Саха Республикасы Якутск қаласының тұрғыны. Антон тоғыз жыл бойы көшеде қоқыс жинаумен айналысады. Тіпті, үскірік аязға да қарамайды. Оның бұл әрекеті мені бейжай қалдырмады. Ол кезде мен Петропавл ауыр машина жасау зауытында жұмыс істейтінмін. Омбы мемлекеттік техникалық университетінде білім алдым. Кейін көктемде дипломдық жұмысымды қорғап болғаннан соң, өзім көптен жоспарлаған істі қолға алу керектігін түсіндім. Осылайша, келесі күні жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін сыртқа шығып, автобус аялдамасын жудым. Ол сәтте жаңбыр жауып өткен еді. Әрине, менің бұл әрекетіме барлығы таңданыспен қарады. Бірақ дәл осы кезде мен біраз уақытқа дейін мазалап келген «Жұрт не дейді?», деген ойдан арылдым», - деп алғашқы қадамын есіне алды Азат Жұмағұл.

Осыдан кейін Азатты оның ісіне қатысты айтылатын жұртшылықтың ойы мен көзқарасы алаңдатпаған. Осылайша, ол алғашында жұмыстан бос уақтында зауыттың айналасын жинап бастайды. Өзінің айтуынша, оның бұл әрекетіне әріптестері түсініспеушілікпен қарап, қоқыс тазалап жатқан сәтте оны танымаған сыңай танытып өте шығатын болған. Эко-волонтер таныстарының мұндай қылығына ренжігенін де жасырмады. Дегенмен кейін Азат психология туралы кітаптардан адамдар қоқыс пен оны тазалаушыларға мән бермейтіні жайында жазылған зерттеу ақпараттармен танысыпты. Яғни, өтіп бара жатқан тұрғындар маңайда шашылып жатқан қоқысты көрмейді, тек кейбірі тазалаушының әректіне ғана баға береді. Азаттың сөзінше, өйткені, мұндай істі жасау олардың табиғаты мен тәрбиесінде әуел бастан болмаған.

«Сенбілікке келетіндер айналамызда көп көлемде қоқыс жататынын байқай бермейтіндерін мойындайды. Біз барлығын жинаған сәтте ғана олар бұрын-соңды осындай көлемде қоқыс көрмегенін айтып жатады. Бір қарағанда қоқыс жоқ сияқты. Дегенмен олар барлық жерде жатады», - деді ерікті.

Азат күзге дейін сквер және Есіл өзенінің жағасын тазартады. Сондай-ақ, ол өзгелерді де осы іске тарту мақсатында барлық жұмыстарының нәтижесін әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады. Осы уақыт аралығында эко-волонтердің туыстары мен достары оның мұндай әрекетіне үйреніпті. Азаттың мәлімдеуінше, тіпті олар енді қоқысты белгіленбеген жерге тастауға ұялады әрі өзгелер лақтырған қоқыстарды тазалай жүретін болыпты.

«Ерекше әдет, мысал «жұқпалы» болады деп жатады. Осы жұмыстарымнан кейін маған алматылық экобелсенді Айгүл Мүслімова қоңырау шалып: «Азат, сен неге қоқысты бір жерден екінші жерге көшіресің? Оларды бөлек жинап, қайта өңдеу керек», - деп ескертті. Артынша олар маған сенбіліктерде осы бағыттағы жұмыстарды насихаттауға арналған баннер жасатып берді. Уақыт өте келе мен қоқысты жинайтын және оны қайта өңдеумен айналысатындардың барлығымен танысып, сөйлесе бастадым», - деп еске алды Азат Жұмағұл.

Азат ұйымдастырған алғашқы сенбілікті қолдауға жергілікті кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері келген. Ал екінші рет өткен шараға ешкім келмеген. Табиғат жанашырының айтуынша, мұндай қылық танытқан азаматтарға ренішін білдіріпті. Десек те кейін ол барлық жоспарланған аумақты өзі тазалаған. Эко-сенбіліктерден басқа, Азат күн сайын жұмысқа бара жатқанда қоқыстарды тазалап жүреді.

Осы уақытқа дейін ерікті азаматты қоқысты қайта өңдеумен айналысатын «Радуга» компаниясы байқаған. Бірнеше жыл бойы Азат қоқысты бөлек жинау, аулаларға контейнерлер орнату, қоршаған ортаны қорғауды насихаттау мәселелеріне жетекшілік етіп келеді. Соның ішінде, мектептер мен колледждерде дәрістер өткізген. Бір қарағанда қарапайым қызмет болғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар кезінде қызықты жағдайлар орын алып тұрады.

«Мен біраз уақыт пәтерлерді аралап, қоқысты бөлек жинаудың маңыздылығын түсіндірдім. Бір күні кіреберістен шыға берген сәтте мені полиция патрулінің қызметкерлері ұстап алды. Олар мені алаяқ деп ойлады. Полицейлерге бәрін түсіндірдім, олар түсінді. Екінші жағдай мектепте болды. Онда мен балаларға қоқысты қайта өңдеу туралы айтуым керек еді. Менде әрқашан өзіммен бірге реквизиттер болады. Олар - балалар бөліп үйренуі керек қоқыс түрлері. Дәріс қарсаңында мен оларды салатын пакет таба алмадым. Кейін ең жақын жерде орналасқан қоқыс жәшігіне барып, ондағы заттарды қарай бастадым. Сол кезде маған біреу келіп, тамақ ұсынды. Бұрылып қарасам, ол менің сыныптасым екен. Маған алаңдаған түрмен қарады. Әрине, мен оған барлығын түсіндірдім. Дегенмен ол әрең сенді. Мен реквизиттерді тауып, жуып, антисептикпен тазалап, келесі күні дәріс өткіздім», - деп қызықты сәттерімен бөлісті Петропавл қаласының тұрғыны.

Азат балалармен жұмыс істегенді ұнататынын айтады. Оның айтуынша, жастар мәселенің мән-жайына тез еніп, қоршаған ортаны қорғауда қызығушылық тантып, қоқыстарды белсенді түрде жинайды. Әрі балалар экологиялық акцияларға белсенді қатысып келеді.

Осы уақыт ішінде Азат қоқысты қайта өңдеу мәселелерін зерттеп, экология туралы заңнаманы зерделеген. Нәтижесінде оның білімі мен тәжірибесін елеп, Азатты жаңа экологиялық кодексті әзірлеу процесіне шақырған.

«Мен көп уақытымды қоқыстардың арасында өткіземін. Егер өзге қалаларға барсам, мен онда қоқыстардың қалай сұрыпталатынын қараймын, оны өзіме үлгі ретінде аламын», - дейді табғат жанашыры.

Азат Жұмағұл сенбіліктерге қаланы шынымен тазартуды қалайтын азаматтардың қатысып, шаһарды одан әрі көрікті еткісі келетін жандар көмек қолын созуы тиіс екенін алға тартты. Ол аяқ астынан ұйымдастырлатын шаралардан пайда аз екнін айтады. Онда қоқыстар сұрыпталмай қалатын көрінеді.

«Мен еріктілікпен айналысуды жалғастырамын. Бұл маған қажет. Мен барлығын дұрыс істеп жатқаныма сенімдімін. Шығын материалдары, яғни қолғап, қоқыс дорбаларды бұрын өз ақшама сатып алатынмын. Енді «Радуга» компаниясы көмектеседі. Әрине, мен барлығын жалғыз жеңе алмаймын. Бірақ мен адамдардың ойы мен көзқарасы жылдар өткен сайын өзгеретініне сенімдімін. Қазір көбі қоршаған ортаны қорғау, экология туралы ойлана бастады. Демек, бәрі бекер емес», - дейді ол.

Жақында Азат бірнеше қалада экологиялық акция бастады. Оның мақсаты – еріктілер қоқыс жинап, оны өңдеуге тапсырады. Ал түскен қаражат қаңғыбас, иесіз жануарларды ұстайтын орталықтарға аударылады.









Фото:insagram.com/azat_zhumagul



Соңғы жаңалықтар