Республика қаһармандары: Павлодарда көпке ғылыми білімінің пайдасы тиген әуесқой орнитолог тұрады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Фотограф, Павлодар география үйінің мүшесі Кәрімжан Шаяхметұлы Жәкенов көптен жылдардан бері облыстың жануарлар дүниесін, әсіресе құстарды суретке түсірумен айналысып келеді.

Оның бұл салаға қосқан үлесін мамандар да жоғары бағалайды. Сондықтан Ұлттық мерекеге орай ҚазАқпарат агенттігі ұйымдастырған «Республика қаһармандары» жобасы аясында біз арамызда жүріп, батырлық танытқан танымал тұлғалар мен белсенді азаматтардың естелігіндегі есті әңгімелер туралы жаздық.

«Қоршаған ортамызда біздің назарымыз бен ерекше қамқорлығымызды қажет ететін көптеген құс түрлері бар. Табиғатқа соншалықты бейжай қарауға болмайды. Оның барлығы өте нәзік әлем. Оларға зиян келтіру, бұзу оңай. Ал ол табиғат дүниесін қалпына келтіруге ондаған жылдар кетеді», - деді павлодарлық фотограф Кәрімжан Жәкенов.

Кәрімжан Шаяхметұлы зейнетке шыққанға дейін фотоаппаратын қолына алып, құстар әлемін суретке түсіру ісін бастаған. Бұл бағытта әуесқой орнитолог аймақтағы 200-ге жуық құс түрінің жоғары сапалы портреттерін жасапты. Өзінің айтуынша, осы суреттердің арқасында павлодарлықтартар Ертіс бойында мекен ететін және осы өңір арқылы өзге аймақтарға қоныс аударатын құстар туралы тың мәліметтермен танысқан.

«Құсты суретке түсіру үшін айналаны толық торуылдап, бақылауда ұстап отыру қажет. Себебі, олардың дауысы шыққан жерлерді анықтау маңызды», - дейді ол өзінің хоббиінің ерекшеліктері туралы.

Кәрімжан Жәкеновпен көбіне ұялы телефон арқылы байланысу мүмкін емес. Өйткені, ол үнемі қаладан тыс жерлерде жүреді. Әрине, бұл уақыттарда ол құстарды фотоға түсіреді, сондай-ақ балық аулайды.

Павлодарлық фотографтың айтуынша, торғай сияқты кішкентай құстар әдетте бұталардың арасына ұя салады. Ал ірі құстар ағаш бұтақтарының жоғарғы жағында мекен етеді. Мәселен, ерекше хобби иесі қыс мезгілінде Павлодардың оңтүстік-батысындағы Усольское шағын ауданының тоғайында самыр, тоқылдақ, ұзын құйрықты шымшық, суықторғайларды суретке түсірген. Кәрімжан Жәкенов қауырсын қантатты жануарларды фотоға түсіру оңай еместігіне тоқталды. Себебі, құстар мекендейтін жерлерді іздеуге, олардың ұтымды кадр алауға қолайлы жерге қонғанын күтуге бір күннен аса уақыт кетуі мүмкін.

«Егер біз сауысқандар мекен ететін аумаққа кіретін болсақ, онда олар бізді бақылап отырады. Өйткені, біз олардың жеріне еніп, сауысқандарға қолайсыздық тудырамыз», - деп құстар туралы деректерімен бөлісті ол.

Кәрімжан Жәкеновке құстар әлемін фотоға түсіру туралы ой 2012 жылдың басында келген. Ол жолы әуесқой орнитолог Павлодардағы Ертіс өзенінің жағасында жұбайымен серуендеп жүріп, қарағай маңында отырған әдемі құстарды ұялы телефонына суретке түсіріпті. Кейін үйіне оралып, өзі жасаған фотодағы құстар туралы ғаламторда бар ақпаратпен таныса бастайды. Осылайша, Кәрімжан Жәкенов ерекше хоббимен айналысуға бел шешіп, фотоаппарат сатып алады. Алғашқы кезеңде ол құстарды өзінің жеке мұрағаты үшін түсірген. Артынша қауырсын қанатты жануарлардың популяция тұрғысындағы деректермен танысып, олардың суретінен бөлек, шынайы табиғатын зерттеуге кіріскен. Бүгінгі таңда павлодарлықтың фотоколлекциясына енген 200-ге жуық құс түрі бар.

«Маған Қызыл кітапқа енген, жоғалып бара жатқан құстар жолықса, менің кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Өйткені, мен олардың аз да болса, әлі күнге дейін бар екеніне қуанамын. Мәселен, осыдан 150 жыл бұрын қазақ даласында дуадақтар көп болатын. Оларды тіпті таяқпен ұрып, қуатын еді. Ал қазір олар өте аз. Міне, мен құстарды суретке түсіріп келе жатқаныма 8 жыл. Десек те әлі күнге дейін дуадақты кездестірген емеспін», - деп тоқталды ол.

Павлодарда 2014 жылдан бастап Кәрімжан Шаяхметұлы түсірген фотосуреттердің көрмелері ұйымдастырылып тұрады. Алғашқысы облыстық өнер мұражайында өтті. Кейін Д.Багаевтың музей-үйінде, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды. Сондай-ақ, фотографтың туындылары теміржол вокзалында және өңірлік жастар бастамаларын дамыту орталығында болған көшпелі көрмелерге де қойылды.

Біздің кейіпкеріміз оның көрмелеріне келген жүздеген көрерменнің ішінен кемінде он адам табиғаттың бұл жаратылысының қаншалықты нәзік екенін түсінсе, санасына сіңірсе - ол еңбегінің еш кетпегені деп біледі. Айта кетейік, Кәрімжан Шаяхметұлы түсірген фотосуреттер көрмесі жыл бойы және Халықаралық құстарды қорғау күні қарсаңында өтіп тұрады.

Д.Багаев атындағы музей-үйде ұйымдастырылған көрмеден кейін аталған мекеменің басшысы Талғат Адамов көптеген құстарды Кәрімжан Жәкенов түсірген фотосуреттер арқылы білгенін айтты. Оның туындыларынан облыс аумағында мекен ететін ұзын құйрықты суықторғай, бізтұмсық сияқты құстардың бейнесін көріп, олар туралы ақпаратпен танысуға болады. Талғат Адамов оның жұмыстары фото салсының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Кәрімжан Жәкеновті көп адамдар біле бермейді. Ол құстарды суретке түсіріп қана қоймай, олардың тіршілік ету ортасын, күнделікті рационын да зерттеген. Ал география пәнінің мұғалімі, оның Павлодар география үйіндегі серіктесі Виталий Кожокар әуесқой орнитологты парасатты және өте сауатты азамат ретінде біледі.

«Фотографтың суреттерді қалай түсіретінін баяндаған әңгімелерін тыңдау өте қызық. Ол кейде сәтті кадр жасау үшін тіпті 200-300 шақырым жол жүріп өтеді. Кәрімжан Шаяхметұлының жұмысы балаларды тәрбиелеуге де ықпал ететініне сенімдімін», - деп пікір білдірді Виталий Кожокар.

Кәрімжан Жәкенов бұрынғы Торғай облысындағы Перекатная шағын станциясында дүниеге келген. Оның әкесі теміржолшы, соғыс ардагері, ал анасы үш дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері. Мектепті тәмамдағаннан кейін ол Теміртау қаласында «инженер-металлург» мамандығы бойынша білім алған. Кейін жолдама бойынша Павлодар трактор зауытына жұмысқа келеді. Артынша Екібастұздағы электр станциясында, Павлодар мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеген. 2018 жылы зейнет демалысына шыққан.

Кәрімжан Шаяхметұлы қажырлы еңбегі және іздемпаздығымен жастарға үлгі. Жануарлар дүниесін суретке түсіруге құмар азамат ғылыми білімімен бөлісу жолында кәсіби орнитологтардан да артық жұмыс жасап келеді.


Фотолар К.Жәкеновтің және Павлодар география Үйінің жеке архивінен алынды
Соңғы жаңалықтар