Республика қаһармандары: Параспортшы Юрий Березин кәсіби спортқа 33 жасында келген

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қазақстандық параспортшы Юрий Березиннің тағдыры ерекше. Ол төтенше жағдайда қос аяғынан айырылған. Соған қарамастан 33 жасында кәсіби спортқа келді. Бүгінде қостанайлық параспортшы түрлі спорттық бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. ҚазАқпарат агенттігі Республика күні қарсаңында «Республика қаһармандары» атты жаңа жобаны бастаған еді. Ю.Березинді осы жобаға нағыз лайықты тұлға деп таптық.

Юрий Березин Екатеринбургте дүниеге келген. 1 жасқа толмай тұрып ата-анасы Қазақстанға көшіп келген, сондықтан елімізді Отаны санайды.

«2016 жылдан бастап протезбен жүремін. Қос аяғымнан оққа ұшырап айырылғанмын. Қиын сәтте жақындарым мен достарым жанымда болып, қолдау көрсетті. Аяққа протез салу үшін Петропавлға бардым. Онда тағдыр тәлкегіне түскен түрлі адамдарды көргенде, менің аяғымның жоқтығы жай дүние болып қалды. Әсіресе қол-аяғы жоқ балаларды көргенде жүрегің ауырады. Сол кезде өз жағдайымды түсініп, одан әрі өмір сүруім керек деп өзіме мақсат қойдым. Ал спортқа келген соң өмірге деген құлшынысым одан сайын арта түсті», - деді Юрий Березин.


Юрий аяғынан айрылғанға дейін спортпен байланысы болмаған.

«Оққа ұшырағаннан кейін қайта қалпыма келіп, жаңа өмірді бастадым. Қостанай қаласында энергоорталыққа жұмысқа орналастым. Сосын басшымыз қызметкерлерге жүзуге баруды ұсынды. Нәтижесінде мен ғана бардым. Осылайша жүзуді бастадым. Кейін облыстық Спорт басқармасы жанындағы мүгедек жандарға арналған Спорт клубы маған қызығушылық танытты. Сөйтіп, кәсіби шаңғы спортымен айналысуды ұсынды», - дейді ол.

Қостанай тұрғыны спортқа шақырылған 2018 жылы 33 жаста болған.

«Бұл жаста кәсіби спортшылар, керісінше, мансабын аяқтап жатады. Бірақ бұл факт менің спортпен айналысуыма кедергі болмады. Сол кездегі Юрий мен қазіргі Юрий екі түрлі адам. Ол кезде салмағым 130 келі еді. Екі ай жүзуге қатыстым. Дегенмен ешқандай жаттықтырушы, жаттығу кестесі болған жоқ. Өз бетіммен айналыстым. Кейін жаттықтырушыға өзім хабарласып, шаңғы базасында дайындықты бастадық. Алдымен Щучинскіде жиын болды, уақыт өте келе шаңғыдан ел чемпионатына қатыстым. Дегенмен ел чемпионатына қатысу маған ауыр тиді. Өзіңіз ойлаңызшы, ешқашан спортпен айналыспаған адам чемпионатқа қатысып жатыр. Ондай кезде не болып жатқанын өзің түсінбейсің. Оның үстіне қобалжу бар. Жарыс нәтижесіз болды», - дейді параспортшы.

Оның айтуынша, уақыт өте келе спортшы кәсіби тұрғыдан шыңдала бастады. Шаңғыдан Қазақстанның паралимпиада құрамасының бас жаттықтырушысы Василий Коломиецке алғысы шексіз.

Юрий Березин спортта алғашқы ірі жеңісіне былтыр қол жеткізді.

«2021 жылы шаңғы тебуден 5 шақырым қашықтық бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атандым. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындадым. Бұл мен үшін ерекше сәт. Еңбегімнің бағаланғанын түсіндім. Бірақ бұнымен жұмыс бітпейді. Алда жоғары шыңдар мен жаңа мақсат бар», - деп бөлісті жерлесіміз.

Параспортшының шетелге сапары Швециядан басталды. Юрий аталған елдің Эстерсунд қаласында шаңғыдан өткен әлем кубогінде бақ сынады. Отандасымыз 10 шақырымды 18-нші болып межеледі. Соның нәтижесінде Юрий Березин Паралимпиада-2022 халықаралық ойынына қатысу құқығына ие болды.

«Халықаралық паралимпиада ойындарына қатысу лицензиясы мен үшін күтпеген сый болды. Себебі маған дейін шаңғыдан 4 қазақстандық спортшыға лицензия берілді. Сондықтан мен аса үміттенбедім. Халықаралық паралимпиада ойындарына баратыным жарысқа 5 күн қалғанда айтылды. Жасыратыны жоқ, қуаныш пен мұң қатар келді. Себебі лицензия ұтып алғаныма қуаныштымын, екінші жағынан жарыстың басталуына 1 аптадан да аз уақыт қалды. Не болады, қалай болады, уайымдадым. Жалпы үлкен спортқа келем дегенше Олимпиаданың өту барысын теледидардан жиі қарайтынмын. Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында эмоционалды тұрғыдан шаршадым. Ал сайысты бастар кезде қатты қобалжыдым. Адам көп, барлық жерде үлкен камера. Оның үстіне 18 шақырымды бағындыру қажет. Сынға түсер алдында досым кішкентай ұлымен теледидарды қосып мені күтіп отырған сәтінің фотосын жіберді. Одан кейін ерекше жауапкершілік жүктелгендей болды», - деді ол.

Спортшы белгіленген межені, яғни 18 шақырымды еркін бағындырды. Осылайша бар қиындық пен қобалжу артта қалды.

«Соңғы айналымда 500 метр ғана жүріп өтіп, жарыс қатарынан шықтым. Соңына дейін жете алмайтынымды білдім. Мен де физикалық емес, эмоционалды тұрғыдан шаршау болды. Себебі қатты қобалжыдым. Шынымды айтсам, менің мінезім ауыр. Алғашқы жаттығуым әлі есімде, қиынға соққан. Шаңғыны үйренем дегенше қаншамасын сындырдым. Спорттан талай рет кеткім де келді. Дегенмен нағыз өмірді спортқа келгеннен кейін сүре бастадым. Жаттығулар, жиын-жарыстар, спортшы әріптестеріңмен жүздесу – бұның бәрі драйв. Бұл – менің өмірім», - деді Юрий Березин.

Қазір қостанайлық Ю. Березин спортпен кәсіби шұғылдануды жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта шаңғымен қатар биатлонмен айналысу ойы бар.


Соңғы жаңалықтар