Республика қаһармандары: Паралимпиада жүлдегері спортта мүмкіндік шектелмейтінін айтады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Былтыр Токиода өткен паралимпиада ойындарында атыраулық үш парадзюдошы күміс жүлдегер атанған еді. Соның бірі – Әнуар Сариев. «Менің бір арманым бар. Бұл – Паралимпиада еліміздің Әнұранын шырқату» дейді палуан. Биыл 30 жасқа толған спортшы енді Парижде жалауы желбірейтін Паралипиадаға қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі бейбіт заманымыздағы қарапайым қаһарманының бірі – Әнуар Сариевпен жақында жолығудың сәті түсіп, әңгімеге тартқан едік. «ҚазАқпарат» ХАА «Республика қаһармандары» жобасының аясында кейіпкер туралы әңгімені ұсынады.

Әнуар Сариев 1992 жылғы 4 ақпанда Атырау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа аңсары ауған. Мектепте де дене шынықтыру сабағын жақсы көріпті.

«Дзюдо – спорттың ең қиын түрі. Бес минуттық белдесу кезінде бір секундқа ғана қателік жіберсең, опық жеп қаласың. Халықаралық сайыстарға барғанда, өзімнің емес, алдымен елдің абыройын ойлаймын. Өйткені, жеңіске жетсең, елдің көк байрағы көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Сол кезде еліңе, Отаныңа деген құрметің арта түседі. Алайда, қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегеніндей, спортта үнемі жеңістің биік тұғырына жету мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал, кейде жеңілістің кермек дәмін татуға тура келеді. Жеңілген сәтте өзіңнен үміт күткен бапкеріңді, барша жанкүйеріңді, еліңді ұятқа қалдырдым-ау деген ойға берілесің. Әрине, жеңіс те, жеңіліс те көңіл-күйге әсер етеді», -дейді Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.

Парадзюдошы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің дене шынықтыру факультетін бітірген. Дзюдомен бала кезінен айналысады. Бұрын Қазақстан құрама командасының сапында жаттыққан.

«Дзюдодан ел құрамасының сапында түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Сол кезде Елдос Сметов, Айбек Имашевпен бірге жаттыққан едім. Айбек екеуміз турнирлерде бірге күресіп, бір-бірімізге бәсекелес болып жүретінбіз», -деп еске алады парадзюдошы.

Алайда, өмірдің өз ағымы бар. Жол апатына түскен Әнуар Сариев көзінен жарақат алып, бастапқыда дзюдодан қол үзуіне тура келді. Бірақ, тағдырдың сынағына мойымаған ол спортты тастамауды жөн көрді.

«Көлік апатынан кейін көз жанарыма зақым келіп, көру мүмкіндігім нашарлағаны рас. Алайда, менің мүмкіндігім шектелген жоқ ғой. Керісінше, өмір сүруге, жетістікке жетуге құлшынысым арта түсті. Сол себептен, өзімнің үйреншікті спортымды тастағым келмеді. Бұдан былай парадзюдомен айналысып, елімнің абыройын асқақтата беремін деген шешім қабылдадым», -дейді Әнуар Сариев.

Оның бағы бар екен. Парадзюдоны дамытуды білікті бапкер Жандос Қиянов қолға алды. Әнуар Сариевты өз бауырындай жанына тартты. Бапкерлік кеңесін беріп, ағалық ақылын айтты. Жігерін жанып, халықаралық додаларға жетелеп апарды.

«Бала кезімнен спортты, оның ішінде дзюдоны таңдадым. Спортшы болған соң, еліміздің көк байрағын халықаралық додаларда биікте желбіретіп, Әнұранын шырқатуды армандаушы едім. Сол арманымды орындау үшін әлі де жаттығып жүрмін», -деп әңгімеледі ол.

Әнуар Сариев – парадзюдодан паралимпиада лицензиясын иеленген алғашқы қазақстандық спортшы. Әрине, бұл үшін жаттығуларда тер төкті. Бірнеше халықаралық додаларда бақ сынады. Сондай сайыстың бірі – 2015 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылардың бүкіләлемдік ойындары. Бұл сайыста 60 келіде белдескен парадзюдошы қола медальды иеленіп, Рио-де-Жанейро паралимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.

«Бұл – алғаш рет қатысқан паралимпиада. Басқа сайыстарға қарағанда, паралимпиаданың жөні бөлек. Сондықтан, әр спортшыда қобалжу болатынын жасырмаймын. Дүбірлі доданың ширек финалында әзербайжандық спортшы Рамин Ибрагимовке есе жіберіп алдым. Ал, жұбаныш белдесуінде аргентиналық Эдуардо Гаутоны ұтып, қола медаль иеленуге бір қадам жақындай түстім. Бірақ, қола медаль үшін тартыста Уругвай спортшысы Хенри Борхестің жолы болды. Сөйтіп, алғашқы паралимпиадада ел қоржынына жүлде сала алмадым», -дейді Әнуар Сариев.

Алайда, бұл сәтсіздік қайсар спортшыны мұқалта қойған жоқ. Шарболаттай ширыққан парадзюдошы жеке бапкері Жандос Қияновтың кеңесін бұлжытпай орындап, жаттығуға бел шеше кірісті. Мақсаты – Токио паралимпиадасынан жүлде алу.

«Токио паралимпиадасында 60 келідегі менің салмағымда 12 спортшы сынға түсті. Бәрі де – өз елінің мықты спортшылары. Сәл қателікке бой алдырсаң, қапыда қалдырады. Оның ішінде шеберлігі шыңдалған парадзюдошылар да бар. Әсіресе, маған финалдық сайыс қиынға соқты. Себебі, финалда Әзербайжан Республикасының өкілі Вугар Ширинлимен кездестім. Ол 2017 жылға дейін денсаулығында кінәраты жоқ спортшылар арасында жарыстарға қатысып, бес үздік дзюдошының қатарына кірген. Ақтық сында қарсыласым базари ұпайын еншіледі. Маған намысқа тырысу қажет болды. Сөйтіп, оның осал тұсын тауып, базариға қол жеткіздім. Бұдан соң екі рет әдіс қолданбақ болдым. Бірақ, сәтті шықпады. Бастапқыда қолым ұстаған жерінен сусып кетті. Келесіде Ширинли айлалы әдісімді орындауға мүмкіндік бермеді. Сәл босаңсыған сәтте қарсыластың әдісіне түсіп, уыста тұрған алтын медальды еншілей алмадым», -дейді Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.

Енді ол Парижде өтетін паралимпиаданың лицензиясын иеленуді көздеп отыр.

«Менің бір арманым бар. Бұл – Паралимпиадада еліміздің Әнұранын шырқатып, көк байрақты желбірету», -деп алдағы мақсатымен бөлісті парадзюдошы.


Соңғы жаңалықтар