Республика қаһармандары: Мұғалімін қимай Астанадан алыстағы ауылға көшіп барған шәкірт оқиғасы

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бетіңді қақпай, беліңді буып, көргенін үйретіп, көргенсіздіктен жирентіп, бағыт сілтеп, білімге жетелейтін мұғалімінің соңынан есті шәкірті қайда да болсын еріп барары хақ. Елордада математикадан сабақ берген ұстазы Шығыс Қазақстандағы ауылға көшетінін естіген оқушы бұрын көрмек түгілі атын естімеген елді мекенге ілесіп келген. Анасы әуел баста қарсы болса да алған бетінен қайтпайтын ұлының меселін қайтармапты. Ауылдағы білім сапасын арттыруға аттанған ұстазды да, жылы ұясын тастап оның соңынан кеткен оқушыны да бүгінгі күннің қаһарманы десек артық айтқандық болмас. «Республика қаһармандары» жобасына жас болса да біреулер үшін ұлағатты ұстаз атанған, шәкірт пен оның мұғалімі туралы мақаланы ұсынамыз.

Шәкіртін рухани тұрғыда дамытқан

Әлішер Сағынтаев 2019 жылы Астана қаласындағы «Smart Bilim» қосымша білім беру орталығында математикадан сабақ беріп жүрген. Оған 6-сыныпта оқитын Ерасыл шәкірт болып келеді. Жеткіншек Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін математика пәнін тереңдетіп оқуға ниеттенген. Ұстазы аптасына 3 рет бір жарым сағаттан білім береді. «Ерасылдың үйреткенімді лезде қағып әкететін зор талабын байқадым. Іні-аға ретінде араласып кеттік. Оған тек математиканы емес, тұлға ретінде өзіңді дамытудың қыр-сырларын айта бастадым», - дейді Әлішер Сағынтаев.

2020 жылдың жазында педагогқа Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебіне жұмысқа баруға ұсыныс түскен. Ойланбастан келісім берген ол әйелі, екі баласымен Самар ауданы Құлынжон ауылына келген.

Ерасыл математика пәнінің қыр-сырын білуіне ғана емес, рухани тұрғыда өсуіне көп септігін тигізген мұғалімін қимағанын айтты.

«Тәлімгерім сабақтан тыс уақытта да қасына тартып, ақылын айтатын. Оның басқа өңірге кеткенін естігенде қатты қапаландым. Менің де сол мектепке барғым келетінін айттым. Ұстазым да келісе кетті. Мектеп директорының ата-анам қарсы болмаса қуана қабылдайтынын білдірді. Бірақ әке-шешемді көндіру қиынға соқты. Әйтеуір келіскен соң, құжаттарды жинастырып, ауылға жол тарттым. Осында келген себебім – Әлішер ағаның қасында жүрсем өзімді тұлға ретінде қалыптастырып, көздеген мақсатыма жететіндігіме сенімім кәміл», – дейді 15 жастағы Ерасыл Ерланұлы.

Сөйтіп, 8 сыныптың төртінші тоқсанында Ерасыл Құлынжон ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке түсті.

Анасы оны ұстазына өз қолымен әкеліп тапсырды. Оқушы қазір ауылда білім алып, мектептің екінші қабатындағы жатақханада тұрып жатыр. Елордадан келген мұғалімдердің барлығы да сол жерде тұрады екен. «Әке-шешемді, достарымды сағынамын, әрине. Бір апайым бар. Бірақ осында келгеніме еш өкініп көрген емеспін. Келешекте инженер болғым келеді», - дейді оқушы. Ұстазы да ауылға көшкеніне өкінбейтінін айтты. Өзі туып-өскен Астананың қым-қуыт тіршілігінен, ауылдың тыныштығын ұнататынын жеткізді.

«Айтқанынан қайтпайтынын сездім»

Ерасылдың анасын да әңгімеге тартып көрдік. Ол бізге бауыр еті баласын алыстағы ауылға жібергенде қандай сезімде болғанын айтып берді. «Ұлым қосымша білім беру орталығына барып математиканы тереңірек оқып жүрді. Сол жерде Әлішер Сағынтаевтан білім алды. Балама ұстаздың сабақты түсіндіру әдісі ұнады. Бір күні Ерасылды кешкілік сабақтан алып кетуге барып тұрсам, Әлішер мырза қасыма келіп, менен «Ерасылға тәрбие берудегі әдісіңіз қандай?» деп сұрады. Мен оған ең алдымен қашанда баламның сөзін бөлмей, пікірін, ойын мұқият тыңдайтынымды, адамгершілік пен адалдықты әркез биік ұста деп айтып отыратынымды жеткіздім», - дейді Назгүл Мусина.

Оның айтуынша, Ерасыл табиғатынан елгезек, сабырлы, тиянақты. Үлкенді сыйлап тұрады. «Бір күні көшеде көріп қалған апаның сөмкесін көтеріп, үйіне дейін апарып тастапты. Марқұм атасына деген құрметі ерекше еді. Әкем де оны өте жақсы көріп, әрдайым ақылын айтып отыратын, кітап оқытқызатын. Осылайша, Ерасыл кішкентайынан ата өнегесін көріп өскен. Байқағанымдай, ауылда ашылған орталықтың мақсаты - балаларға сабақ оқытып қана қоймай, өмір жолында дұрыс бағыт беру. Өйткені олар оқушылармен ғана емес, бізбен де байланыста болатын. Тіпті балалармен бірге мотивациялық фильм көруге шақыратын. Сол жерде олардың командасының арасындағы бірлікті, ізденімпаздықты көрдім. Заманауи ұстанымдары бар, қазақтың жалындаған жастары екенін түсіндім. Істеріне адал ұстаздарға жалғыз ұлым, көзімнің қарашығын сол кезден бастап сеніп тапсырған едім», - дейді оқушының анасы.

Ерасыл Назарбаев зияткерлік мектебі тестінің қорытындысы бойынша 1089 балл алған. Баласы білім ордасына түсе алмаса да осындай нәтижесі үшін анасы қатты қуанған.

«Ұлым Әлішер ұстазымен араласуын тоқтатпады. Қолы босаса оның кеңсесіне бет алатын. Мен де қарсы болмадым, Бос жүргенше, білім алсын дедім. Тіпті үйіне де барып тұратын. Олар шәкірт пен ұстаз, аға мен бауыр болып сыйласты. Ерасыл «Ауылға барып оқимын» дегенде қарсы екенімді білдірсем де, іштей оның бұл айтқанынан қайтпайтынын жақсы түсіндім. «Бір тоқсан оқып кел, сосын өзіңнің №89 мектебіңе қайта түсесің» деп келістім. Бірақ жазғы каникулға келгенде ол бірден 9 сыныпты да сонда оқимын деп шешкенін айтты. Баламның есейіп, өз пікірі қалыптасқанын аңғардым да өз келісімімді бердім. Ұстазының қасында жүрсе тура жолдан таймас деп сенемін. Өмірде әр түрлі жағдай болып жатады ғой. Өзім күні бойы жұмыстамын», - дейді әйел.

Бүгінде ол ҚР Бас прокуратурасында қызмет етеді. Кейде Ерасылдың елордада жүргенде мектептен тыс уақытта қайда болатынын, не істеп жүргенін білмей қалатындықтан ана ретінде іштей алаңдағанын жеткізді.

«Теріс жолға түсіп, темекі шегіп, көше кезіп, не компьютерлік ойындарға тәуелді болғаннан гөрі баламның білімге ұмтылғаны қуантады. Ерасылды Құлынжон ауылына өзім апарып келдім. Алыс жер екен. Іштей жүрегім ауырса да білдіртпеуге тырыстым... Егер оның оқуға деген ниетін құптамай, бетін қақсам, бойындағы өзіне деген сенімділікті жоғалтып ала ма деп қорықтым. Алысқа көп жібермегендіктен болар, тіпті қасында қалсам ба деген ой келген. Ана деген баласын бірнеше сағат көрмесе де сағынады ғой. Әрине, қатты сағынамын. Күнде хабарласып тұрамыз. Кейде күніне бірнеше рет сөйлесеміз. Ерасылымды бірінші Аллаға, екінші Әлішер ұстазына тапсырдым. Жалпы сол жердегі барлық ұстаздарға сенемін. Балама көз қырларын салып, бауырлары сияқты қамқор болатыны еш шүбә келтірмеймін», - дейді Назгүл Мусина.

«Болашақта биік белестерді бағындырады»

Әлішер Сағынтаев шәкіртінің талабы таудай екендігін, оның келешегінен зор үміт күтетінін жеткізді. «Ерасылдың бойында жақсы қабілеттер көп. Осы қабілеттерін дамыта, аша түсуге тырысып жүрміз. Оның бірі – көшбасшылық. Сыныптастарын, қатарластарын біріктіріп, ортақ мүддеге тарта алады. Кез келген адаммен тіл табысып кетеді. Басқаға үнемі көмегін аямайды. Демалыстарда сыныптастарына математиканы үйретіп жүргенін де көрдім. Өз-өзін дамытып, ізденуден шаршамайды. Мойнына артылған жауапкершілікті сезініп, әр іске тыңғылықты қарайды. Болашақта биік белестерді бағындырып, елге қызмет ететін, жұрттың қамын ойлайтын мықты азамат болып шығады деп сенемін», - дейді педагог.

Оқушысының Астанаға қайтқысы келетінін айтқан кездері болмапты. Керісінше, осында жүргеніне қуанады екен.

«Ауылда көңілі түсіп, құлазып жүргенін көрген емеспін. Тіпті жазда каникулға кеткенде маған хабарласып, «Тезірек сабақ басталса ғой» дейді. Мен әркез оқушыларымның бақытты болғанын қалаймын. Егер алдағы уақытта қайтқысы келсе, әрине жіберуге дайынмын», - дейді Әлішер Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар