Республика қаһармандары: Мұғалім Дмитрий Ромащенко қазақ тілінен ауқымды жоба ашқысы келеді

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық Дмитрий Ромащеконың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы бастауыш сыныпта басталған. Бүгінде ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Республика күніне орай ҚазАқпарат агенттігі «Республика қаһармандары» атты жоба бастаған едік. Мемлекеттік тілге мейлінше мән беріп жүрген қарапайым кейіпкерімізді осы қаһармандар қатарына тұруға лайық деп санадық.

Дмитрий Ромащенко 1993 жылы Қостанай облысы Федоров ауданы Федоровка ауылында дүниеге келген. Қазақ тілін үйренуді ауылда бала күнінде бастаған. Бүгінде Қостанай қаласындағы М. Горький атындағы гимназияда ұстаздық етеді.

«Әу бастан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келді. Бірақ, ҰБТ тапсыратын кезде осы жағынан хабарсыз болдым ғой деймін, әлде таңдау пәні қатарында қазақ тілі мен әдебиеті болмады ма екен, әйтеуір есімде жоқ. Сондықтан ағылшын тілін таңдауға тура келді. Дегенмен қазақ тіліне деген ынтам жойылған емес. Осылайша 1 курстың екінші семестрінде ағылшыннан қазақ тілі мен әдебиеті тобына ауыстым», - деді Д. Ромащенко.

Дмитрий үшін мектеп қабырғасындағы қазақ тілі сабағы аздық еткен. Сондықтан бос уақытында өз бетімен тіл үйренуді бастайды.

«Әрине, бала күнімде болашағым қазақ тілімен байланысты болатынын білмедім. Қазақ тілі, ағылшын тілін үйрену аса қиынға соқпады. Мен үшін қиын пән математика болды. Қазақ тілін бірден ұнаттым, ұстазыма мың алғыс, үнемі мені ынталандыратын. Жоғары сыныптарда қазақ тілінен олимпиада, байқауларға қатыса бастадым. Аудандық жарыстың жеңімпазы атандым. Сыйлық ретінде үстел шамы мен 1000 теңге алғаным әлі есімде. Ауыл баласына одан артық не керек? Тіл үйренуге деген ынтам одан сайын арта түсті», - дейді ол.

Уақыт өте келе Дмитрий қазақ тілі бойынша айтулы жарыстарға, байқауларға қатыса бастайды.

«Тіл шамшырақтары» атты байқауға қатыстым, бірақ дайындықсыз бардым. Соның өзі маған жақсы тәжірибе болды. Жеңіске жету үшін маған ерекше көзге түсу керек екенін де сол тұста түсіндім. Осылайша маған қазақ тілінде өлең шығару туралы идея келді. Әлі есімде, сарайда картоп аршып отырып өлең шығардым. Кейін ұстазыма көрсетіп, ол кісі біраз түзету енгізді. Сол өлеңмен облыстық жарысқа барып, 3 орын иелендім. Сыйақыға 27 мың теңге берді, мен ол ақшаға ұялы телефон сатып алдым. Одан бөлек, қазақ тілі бойынша пәндік олимпиадаларға қатыстым. Содан соң қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деген нақты шешім қабылдадым» - деді Д. Ромащенко.

Сондай-ақ, қостанайлық жерлесіміз тіл үйренуде ата-атасының қолдау көрсеткенін айтты. Әсіресе анасы көмектескен.

«Ата-анама рақмет! Тіл үйренуіме жағдай жасап, мені үнемі қолдады. Кезінде менде шағын ғана қазақша-орысша сөздік болған еді. Сол арқылы оңай сөздерден бастап аударып, өздігімнен үйрендім. Уақыт өте келе сөйлем құрау, жалғау, жіктеуді меңгердім. Тіл үйренудегі жеке практикам осындай», - дейді қазақ тілінің мұғалімі.

Ұстаз тіл үйренуде қиындық болғанын жоққа шығармайды. Дегенмен Дмитрий арманына адал болды.

«1 курста орыс тобынан қазақ тобына ауысқанда басында қиынға соқты. Яғни қазақ тілін үйренуден бөлек, басқа да пәндерді қазақша оқу керекпін. Оның үстіне барлық дәріс таза қазақ тілінде оқылды. Кейбір жайттарды түсіне тұрып, бірақ өз ойымды қазақша жеткізе алмайтынмын. Бірден есте сақтау ауыр болды. Қазақ тілін үйренуді орта жолдан тастау ойыма келген емес. Керісінше уақыт өткен сайын тілді терең меңгере бастадым. Ең бастысы айналаңдағылар саған түсіністікпен қараса, бұл да құба құп екен», - деді тіл жанашыры.

Оқу бітірген соң жас ұстаз өз ауылына барып мамандығы бойынша жұмыс істейді. Туған жерінде тәжірибе жинап, кейін облыс орталығы Қостанайға ауысады. Сөйтіп, қаладағы ең беделді мектептің біріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Ал таяуда Дмитрий мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Бүгінде Дмитрий Сергеевич әлеуметтік желі, оның ішінде тик-ток арқылы мемлекеттік тілді үйренуді насихаттап, жеке тәжирибесімен бөлісіп жүр.

«Қостанайдағы «Достық» үйінде «Ситуациялық қазақ тілі» атты тегін курс ұйымдастырылады. Мен сол курсты жүргіземін. Басында келушілер аз болды. Сосын тіл курсы туралы тик-токта видео түсіріп, жарияладым. Жақсы қаралым болды. Содан әлеуметтік желі арқылы неге тіл үйретпеске деген ой келді. Бүгінде мен үшін мемлекеттік тілді үйрету маңызды іс. Оның үстіне мен әрі ұстазбын ғой», - деп бөлісті Д Ромащенко.

Сонымен қатар маман мемлекеттік тілді меңгеру бойынша кедергілердің бар екеніне де тоқталды.

«Алдымен тіл үйренуге деген ынтаның төмендігі. Бұл баланың отбасына тікелей байланысты. Бала үшін тіл үйренуде ата-ананың қолдауы ауадай қажет. Мысалы, мен ата-анамның қолдауының арқасында үйрендім. Десекте ұлтым украин, ал отбасым орыс тілді. Мен шәкірттеріме мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті, парызы деп үнемі айтып жүремін. Мойындау керек мектеп бағдарламасы бойынша кейбір қиыншылықтар бар. Бірақ баланы дұрыс ынталандыра білсе еш кедергі жоқ. Бала жаңа дүниені есіне тез сақтайды», - дейді ол.

Дмитрий Ромащенко алдағы уақытта қазақ тілін үйрену бойынша кең ауқымды курс ашуды жоспарлауда.

«Мемлекеттік тілді үйрену курсы тегін болады. Қазақ тілін үйренем деген кез келген адамға қолжетімді болу үшін курс онлайн өтеді деп жоспарлаймын. Тіл үйренуде алдымен қарапайым нәрседен бастаған жөн. Теория мен грамматикадан бұрын ауызекі тілдесуді қалыптастырған дұрыс. Қазақ тілінің базасын меңгерген адамға одан әрі терең үйрену қиынға соқпайды», - деді қостанайлық ұстаз.


Соңғы жаңалықтар