Республика қаһармандары: Қытайдан келген қандасымыз Қазақстанның білім саласына қалай үлес қосып жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміз тәуелсіздік алғалы атажұртқа бағыт түзеген қандастар көші қазақ халқының санын миллионнан астам адаммен байытқанын білеміз. Әсіресе, ұлттық рухани байлықтың бір пұшпағы – әдеби, мәдени, ғылыми өмірімізге қандастар тарапынан қосылған қазына қаншама. Бұл күнде қоғамның әр саласында жарқырап көзге түсіп, экономикаға, мәдениетке ғылым-білімге өзіндік үлесін қосып жүрген тұлғалар жетерлік. Бүгін Республика күні қарсаңында мақалалар сериясы жарияланып жатқан ҚазАқпараттың «Республика қаһармандары» жобасына өскелең ұрпаққа білім беру жолында аянбай тер төгіп, елге-жұртқа еңбек етудің өзіндік үлгісін көртесіп жүрген тұлғаның бірі – Ырысбек Мәуітұлы туралы әңгімелемекпіз.

Ол – Қытай елінің Алтай аймағы Көктоғай ауданында туған. 2008 жы­лы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп кел­ген. Ырысбек Мәуіт – математика ғылымдарының магистрі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің төрт мәрте Құрмет грамотасының иегері, 30-дан астам оқу құралының авторы, 60-тан астам халықаралық, республикалық пән олимпиадалары жеңімпаздарының жетекшісі, оның 3-і алтын медаль иегері. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша республикалық семинарлардың тренері, «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының директоры.

Бүгінгі таңда Қазақстанда математика туралы сөз болғанда Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұма­діл­даев, Уәлибай Өмірбаев, Данияр Қозыбаев секілді тұлғалардың қатарында Ырысбек Мәуіт есімі аталады.

«Алтайдың Көктоғай ауданында ұстаздық жолым басталды. Оншақты жыл ол жақта жемісті еңбек еттім. 2008 жыл еді, әйелім екінші балама жүкті болды. Анасының құрсағында қыбырлай бастаған ұлым «жарық дүние есігін тәуелсіз қазақ елінде ашсын» деген арман ниет мені Атажұртқа асықтырды. Сонымен, ата-анамды ертіп, қызметімді тастап Қазақ еліне біржола қоныс аудардым. Әрине алғашқы жылдар көп қиындықтар болды. Пәтер жалдап тұрдық. «Көші-қон қаражатын алып беремін» деген делдалдарға алданып ақшамнан айрылып қалған кезім де болды. Жұмыс іздеп біраз мектептің табалдырығын тоздырып, түйіндемемді тапсырып орналаса алмай маңдайым талай тасқа соғылды. Сөйтіп жүргенде дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің директор Айтжан Ермұқанқызы «Сіздей маман қазақ еліне ауадай қажет» деген бір ауыз сөзі маған үлкен жігер берді. Бұл мектеп менің шабыттана жұмыс істеуіме даңғыл жол ашты. Олимпиадаға балалар дайындай бастадым. Күндіз-түні ұйықтамай жұмысқа кірістім. Түнімен балаларға есеп дайындаймын, сенбі-жексенбі күндері қосымша табыс-тауып пәтер ақысын төлеу үшін, кейбір кісілердің сұрауымен үйлеріне барып, балаларға қосымша сабақ бердім. Ол кезде бар салмақ менің мойнымда еді. Ата-анам бар, інім шетелде оқып жатқан солардың бәріне ақша тауып жеткізу маған оңай болған жоқ», - деп еске алады Ырысбек ұстаз.

Осындай қиын күндерде Ырысбек Мәуітұлының басқа салаға бет бұрып кетуіне, тіпті жақсы бизнес бастауына мүмкіндер туған. Алайда, бала күнгі арман, өзінің ұстаздық жолға деген махаббаты, қазақтың қара көздеріне білгенімді үйретсем, биік белестерге жетелесем деген жүрегіндегі берік ұстанымы оны ғылым-білім жолында еңбек етуге итермелейді.

«Жақсы бизнес жобаларды ұсынған інілерім болды. Бірақ, мендегі ең үлкен ерекшелік бойымдағы білгенді біреуге жеткізу еді. Сөйтіп, мектеп қабырғасында ұстаздық жолым жалғасты. Мен дайындаған шәкірттер халықаралық олимпиадаларда топ жара бастады. Осылай ащы еңбектің тәтті жемісі алдымнан жарқ етті. Бір күні маған Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы бұйырды. Бұл мені тіпті жігерлендірді. Өз орнымды тапқандай болдым, білікті матаматик ретінде таныла бастадым», - дейді Ырысбек Мәуітұлы.

Оның айтуынша, бұл күнде елімізде танымал болып үлгерген ақыл-ой дамыту орталығын құру идеясы да оқушыларды олимпиадаға дайындау барысында, қазақ тілді дидактикалық материалдардың тапшылығынан туындыған.

«Олимпиадаға балаларды дайындау барысында, оқулық-материал мәселесі де алдымыздан шықты. Қазақтілді балалардың неге халықаралық бәсекелерде топ жара бермейтінін сонда түсінгендей болдым. Өйткені, қазақтілді материалдар өте аз еді. Орысшадан іздеуге, орысша оқуға тура келеді. «Халықаралық олимпиадаларға көбінесе орыстілді оқушылар шығады» деген әңгімелерді жиі естимін. Шыны керек, мен қазақтілді балалардың да осы бір биікті бағындыра алар қабілеті бар екенін дәлелдегім келді. Сөйтсем, барлығы орысша дидактикалық материалдарға келіп тіреліп тұр екен. Сол уақытта менде білім саласына енгізер көптеген идеялар болып, неге ойларымды іске асырмасқа деген ой туды. Осы мәселе мені қазақ тілді математиктердің басын қосып, ақыл-ой дамыту орталығын құруға түрткі болды. Былайша айтқанда, жұмысымды патриоттық сезіммен бастап кеттім. Әрине , басында көптеген қиындықтар болды. «Көш жүре түзеледі» демекші , біртіндеп жүйеленіп , жақсы методикамен алға жылжыдық. Логиканы дамыту бағытында өзіміздің оқулықтарымызды жаза бастадық», - дейді Ырысбек ұстаз.

Ырысбек Мәуітұлы құрған ақыл-ой дамыту орталығы өзгеше әдістемелерінің және мықты команданың арқасында қоғамның жақсы бағасына ие болып, шәкірттерінің биік белестерді бағындыра алғанын айтады.

«Алғаш ісімізді бастағанда біздің математиктердің барлығы ер адамдар болды. Сондай-ақ, елордамызда ең мықты деген мамандардың басын қостық. Командамыздың мүшесі, інім Өжет Ирландиядан докторантура бітіріп келді. Назарбаев университетінде істейтін 20 шақты мұғалім біздің орталықта сабақ береді. Баланың логикасын дамыту мақсатында ең алғаш рет 100 балдық бағалау жүйесін енгіздім. Қазір сол жүйе бойынша онлайн платформа дайындадық. Жыл сайын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірігіп, бастауыш мұғалімдеріне арналған «Алтын Тұғыр» олимпиадасын өткіземіз. Үнемі өз тәжірибемізбен бөлісіп, семинарлар өткізіп тұрамыз. Авторлық кітаптарымыз, ойлап тапқан ерекше әдістеріміз де бар», - дейді ол.

Осылайша, шағын орталық болып құрылған ұйым ерекше еңбектің, өскелең ұрпақтың болашағына деген шынайы ниеттің арқасында үлкен жетістікке жетіп үлгерді. Қазір еліміздің 8 облысында оқу орталығының 16 бөлімшесі ашылып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді. Оларда қосымша білім алған түлектер НЗМ, РФММ, КТЛ қатарлы дарынды балаларға арналған мектептерге түсу көрсеткіші жағынан бесінші жыл қатарынан республика бойынша да, Астана қаласы бойынша да рекордтық көрсеткішпен бірінші орында келеді.

Бүгінгі таңда ақыл-ой дамыту орталығы жаңа технологиялар арқылы алыс қашықтықтағы оқушылардың үйренуіне мүмкіндік жасап отыр. Қазақстан бойынша жоғары технологиямен жабдықталған онлайн студия да осы орталықта жасақталыпты. Оқытушылар осы студияны пайдалана отырып, қашықтан бүкіл республика балаларын оқытады. Сонымен бірге, оқушыларды жігерлендіру мақсатында түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Ырысбек ұстаз бір сөзінде «О рталы қ құрудағы басты мақсатым – табыс табу емес, ағарту, қазақтілді оқушылардың біліктілгін көтеру еді. Яғни, қазақ тілінің мәр­те­бесін көтеру. Екінші мақсат – қазақ ті­лін­де дидактикалық оқулықтар шығару» деген еді. Ол екінші мақсатын баспа хана арқылы жүзеге асырып жатыр. Білікті ұстаздар мен тәжірибелі мамандардың бірігуімен әр түрлі пәндер және бағыттар бойынша әдістемелік құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, ЖОО және дарынды балаларға арналған оқу орындарына түсуге дайындалушыларға арналған тапсырмалар жинағын қамтитын 40-қа жуық оқу құралдарын дайындады және республика көлемінде пайдалануға ұсынып келеді.

Бүгінде математикалық олимпиада және логикалық ойлауды негіз ете отырып, Ы. Мәуіт, Н. Табыс, Е. Меллат, Е. Қабылкерім қатарлы авторлардың бірлесіп дайындаған бастауыш сыныпқа арналған «Математикалық олимпиада және логика» атты төрт кітабы, орта буын 5-6 сыныптарға және математика мұғалімдеріне арналған Ы. Мәуітұлы, М. Қалиасқарұлы дайындаған «Математикалық олимпиада және логика» кітаптары, Ы. Мәуітұлының авторлығымен дайындалған «Математика олимпиадасына дайындық бастамалары», «Олимпиадалық есептерді шешудің кейбір ерекше тәсілдері» және Ы. Мәуіт, Б. Нарбаев, Ә. Қайсаұлы, Н. Өрлеу қатарлы авторлар дайындаған «Математика пәні бойынша аудандық кезеңінің тапсырмалар жинағы», Б. Қайрат, Ы. Мәуіт бірлесіп дайындаған «Теңсіздіктер» қатарлы олимпиадалық кітаптар Білім және ғылым минстрлігі «Өрлеу» мұғалімдер біліктілігін артыру комитетінің қолдауымен республика бойынша барлық мектептерде факултативті сабақ ретінде оқытылып келеді. Бүгінгі таңда Ырысбек Мәуітұлы оқушыларға ғана емес, бүкіл республика көлемінде ұстаздарға семинарлар өткізіп, «қазақ тілінде баланың логикасын қалай дамыту керек» деген бағыттағы методикасын үйретіп жүр. Оның негізгі мақсаты – математика ғылымын дамыту, өзгеше ойлайтын өрелі ұрпақтардың дамуына жол ашу.

«Біраз шәкірттерім халықаралық олимпиадаларда топ жарды. Өздеріңіз білесіздер, өкінішке орай бізде, ғылым саласында медаль алғандар спортшылардай, әншілердей құрметке бөленіп келген жоқ. «Математика – ғылымдардың патшасы» дейді. Менің ең негізгі ұстанымдарымның бірі – математика саласын дамыту. Біз ғылымға бет алуымыз керек, ғылымды мойындауымыз керек. Ал, ғылымның басында осы математика тұрады. Математиканы жақсы білген адам өмірде де өзіндік орнын таба алады. Қазақ «есеп білгеннің есебі түгел» деп бекер айтпаған. Қазір логикалық бағытта біраз жұмыстар жасап жүрмін. Біраз кітап жаздым. Адамның логикасы қалыптасқан жағдайда, кез келген салада жақсы жұмыс жасай алады. Біздің тілек, біздің мақсат болашақ ұрпақтардың білімі биік, логикасы жоғары болуы», - дейді Ырысбек ұстаз.


Соңғы жаңалықтар