Республика қаһармандары: «қазақстандық Ник Вуйчич» жүзуден чемпион болсам деп армандайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шыдамдылықтың, өмірге деген махаббаттың символы десе, қазақстандықтардың көбісі ойланбастан Әли Тұрғанбековті айтар еді. Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбековтің тағдыры көпшілікке таныс. Ерекше жасөспірім туралы біз бұған дейін де жазған болатынбыз. Қазақстандықтар үшін өмірге деген сүйіспеншілік қаһарманына айналған Әлимен Республика күні қарсаңында тағы бір әңгімелесудің сәті түсті. «Республика қаһармандары» атты жоба аясында ол ҚазАқпарат тілшісімен әңгімеде арман-мақсатымен бөлісті.


- Әли, сен бұған дейін әлемге танымал бірқатар тұлғамен жүзбе-жүз кездестің. Алда тағы кімдермен кездесу жоспарда бар?

- Қазір танымал Роналдиньо, Икер Касильяс және Андреа Пирло секілді футболшылардан шақырту алдым. Дегенмен аталған кездесулер келісім деңгейінде. Сондықтан әзірге нақты ештеңе айта алмаймын.

- Футболға деген ынтаң бәріне белгілі. Таяуда Қатарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Қандай командаға жанкүйерсің? Кім жеңеді деп ойлайсың?

- Менің ойымша, футболдан Францияның құрама командасы чемпион болады. Олардың командасы мықты. Құрама тізіміне қарағанда солай көрінеді. Бірақ өз басым Бразилия командасы үшін жанкүйер боламын.

- 2019 жылы УЕФА-ның суперкубогын жеңімпаз командаға өз қолыңмен табыстадың. Бұл ерекше құрмет. Сол кездегі сезімің туралы айтып берші?

- Иә, УЕФА-ның суперкубогын табыс ету сәті менің мәңгі есімде қалады. Табыстаудың маған бұйырғанына соңына дейін сенбедім. Өте қатты қобалжыдым. Сол түні таң атқанша ұйықтай алмағаным есімде. Бұл ерекше сезім.

Футболға деген қызығушылығыңнан бөлек, жүзумен айналысасың. Нәтиже қандай?

- Иә, жүзумен кәсіби түрде айналысамын. Биыл маусымда жасөспірімдер арасында үшінші рет Қазақстан Республикасының чемпионы атандым. Одан бөлек, жүзуден халықаралық спорт шебері бойынша нормативті орындадым.

- Жүзу бойынша алдағы жоспарың қандай? Болашақта өзіңді осы спортпен байланыстырасың ба?

- Иә, жүзу спортында одан әрі шыңдалғым келеді. Болашақта аталған спорттан паралимпиада ойындарында еліме алтын сыйлағым келеді. Әрине, ол үшін көп еңбектену керек.

- Әли, сен аз уақыттың ішінде көпшілікке танымал болдың. Саған қолдау білдірушілердің қатарында әлем жұлдыздары да бар. Блогер болғың келмей ме?

- Бұрын блогер болғым келетін, кейін ол ойдан айнып қалдым. Себебі блогерлік уақыт алады. Менің мақсатым – жүзумен кәсіби айналысып, алтын медаль жеңіп алу.

- Сұхбат үшін рақмет! Биік шыңдарды бағындыра бер.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Әли Тұрғанбеков ҚазАқпарат тілшісіне арнайы сұхбат берген болатын.

Сұхбат барысында жасөспірім өзінің арман-мақсатымен бөлісті.

2019 жылы тамызда қазақстандық «Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков өз қолымен ағылшынның Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстаған еді.

Осы орайда жігерлі жас баланың төзімділігі мен өрлігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ықыласын білдірді.

Сондай-ақ отандасымыз Диего Марадона, Месси және тағы басқа әйгілі футболшылармен кездесті.



Фото:instagram/ali_amir_happy





Соңғы жаңалықтар