Республика қаһармандары: ХIX-XX ғасырдағы қазақ ауылдарын зерттегісі келетін археологпен сұхбат

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қаһармандықтың өлшемі ерлік жасаумен, адам құтқарумен ғана шектелмейді. Ерен еңбегімен елге пайдасын тигізген, өз ісінің хас шеберлері де қаһарман атануға лайық.

«ҚазАқпарат» ХАА «Республика қаһармандары» жобасының мақсаты да сол – ерен еңбегімен елдің алғысын алып, өз ісіне берілген мамандарды көпшілікке таныстыру. Бүгінгі қаһарман - Ақтөбе жерінде туып-өскен Аслан Мамедов, ол 20 жылдан астам уақыттан бері қазба жұмыстарымен айналысып келеді.

Аслан Мамедов Қобыланды батыр, Әбілқайыр хан жерленген қорымдарды қазуға, зерттеуге қатысты. Қазіргі кезде темір дәуіріндегі қорымдарды зерделеуді жөн көреді. Себебі дәл осы кезеңде қазақ жерінде жаңа мәдениет қалыптаса бастады. Алдағы уақытта ХIX-XX ғасырларға тән ескерткіштерді зерттемек. Себебі әр қорым маңында үй болғаны картадан көрініп тұр. Бұл қазақ жеріндегі отырықшылық мәдениеттің қалыптасу кезеңіне дәлел бола алады. Археолог ҚазАқпарат тілшісіне өңірдегі қазба жұмыстары және көшпенділер мәдениеті тарихындағы тың деректері туралы баяндады.

Аслан Мамедов көктем туа сапарға кетіп, қара күзде ғана үйіне оралатын археолог. Ол сәуір айында жұмысын бастап, бірер апта бұрын ғана бар жиған-тергенін тізбектеп, қағазға түсіруге кірісті. Қоржыны майлы, ол бұл жолы Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылы маңындағы Жем өзені бойын зерттеді. Табылған дүниелері аса құнды. Археолог қолға түскен әр зат бүтін бір дәуір туралы ақпарат беретініне сенімді.

«Қылыш, жебенің ұшы да бізге ақпарат береді. Бүтін зат емес, бөлшегі де құнды. Сөйтіп біз зерттеуге алған қорымның заманын анықтаймыз. Қолымда қорамсаптың ілмешегі бар. Көлеміне, ілмегіне қарап б.з.д. VI-V ғасырларға жатады деп топшыладық. Бір қораптың ішіндегі жебеде еш айырмашылық байқалмауы мүмкін. Бірақ бәрінің өз ізі бар. Жебенің ұшы адамдардың сауытына байланысты өзгеріп отырған. Ұзын қылыштар да жерімізге сарматтар келгенде жасала бастаған. Б.з.д. VI ғасырға дейін біздің көшпенділер ұзын қылыш ұстамаған. Қанжар болған. Қарсыластың күшіне қарай соғысу әдісі де өзгерген. Сөйтіп ер тоқым, ұзын қылыш қолдана бастаған. Мұны біз қазба жұмыстарынан көреміз. Кез келген заттың өткеннен мәлімет беретінін осыдан-ақ түсінуге болады», - деді Аслан Мамедов.

Оның айтуынша, VI ғасырдың орта тұсына дейін Ақтөбе жерінде халық саны аз болған. Себебі ауа райы көшпенділер үшін қолайсыз еді. VI ғасырдың аяғына таман табиғаты өзгеріп, Арал маңында табылған қорымдағы жерлеу дәстүрі Ақтөбе жерінде де табылды. Археолог Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылы маңындағы қорымның құндылығына тоқталды. Мұндай жерлеу Орқаш, Бесоба қорымында ғана кездескен. Элита қорымы қарапайым халықтан ерекшеленеді. Бұл үрдіс қазір де бар.

«Кез келген қорған үйінді болып көрінеді. Біз сол қорғанның түр-тұрпатына қарап қазу кезінде түрлі әдісті пайдаланамыз. Соңғы қазба жұмысынан жай ғана төмпешікті емес, сәулет өнерін көреміз. Негізгі қабірге есігінен кіреді. Демек күрделі архитектуралық құрылым жасырын жатыр. Әрине біз тек оның бұзылып, бүлінген қалпын көрдік. Бесоба, Орқаш, Жағабұлақ қорғандарында сол кездері ағаштан шатыр жасалған. Бір жорамал бойынша сарматтар оны дөңгелетіп қоршаған, ішке кірер жерін осылай белгілеген. Сондай-ақ адамдар мұны киелі орын деп есептеп, бірнеше адамды жерленген. Бұл шамамен VI ғасырдың орталары - V ғасырдың басы. Біз тапқан дүниеміздің әрқайсысын нөмірлеп, фотоға түсіріп, сызбасын дайындаймыз. Бір ерекшелігі жерлеу жоралғасын жасайтын тас үстел біздің аумақта жасалғанға ұқсайды. Көбіне дөңгелек шағын үстел түрінде кездеседі. Төртбұрыштысы да бар. Өте әдемі жасалған. Қасқырды киелі аң деп санағанға ұқсайды. Сұлбасын жиі пайдаланады. Жалпы көшпенділер тас қашау өнерін жақсы меңгерген. Болжам бойынша арнайы мектеп те болған. Сөзімізге қазір табылып жатқан құнды дүниелер дәлел. Иә, қазба жұмыстары кезінде өте көне дүниелер табылады. Кейбірін қазір де пайдаланып жүрміз. Мысалы, ат әбзелдері. Өзгеріс аса көп емес, түп негізі сол көшпенділерден қалған. Бірақ әшекей бұйымдарды қайта жаңғырту жағы кемшін. Зергердің сұрап, қызыққанын көрген емеспін. Ал біз тапқан дүниенің арасында көз тартар бұйымдар бар», - деді Аслан Мамедов.

Оның айтуынша, өңірде алтын бұйым жыл сайын табылады. Тек археологтар оны айшықтап, ерекшелемейді. Алтыннан жасалған зат табылғанда ғылыми жаңалық және Ұлы даланың таңғажайып туындысы деп есептейді.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында мыңдаған ескерткіш бар. Бұл аймақты алғашқы рет 1904 жылы Жозефа-Антуана Кастанье зерттеді. Ол кезде Жаман Қарғалы, Жақсы Қарғалы маңы, тіпті Шалқар ауданының аумағы зерделенді. Содан бері ғасырдан астам уақыт өтсе де мамандар аяқ баспаған, қол жетпеген тұстары көп екенін айтады. Қазіргі кезде там-тұмдап жиған деректі бірізге түсіру үшін әр ауданның картасы, жинағы жасалды. Дегенмен газ, су құбырын тарту, жол салу жұмыстары жоспардан тыс зерттеу жүргізуге түрткі болады.

«Бір ауданды қарап болдым, қайта бармаймын деп айтпаймыз. Бұл қате болады. Археологиялық ескерткіш кейде төтенше жағдайда анықталады. Газ, су тарту кезінде жиі белгілі болады. Кейбірі арнайы келіп тонайды. Металл іздегеш құралдарын пайдаланып, іздейді. Әлеуметтік желіде тапқаны туралы жариялап, мақтанатындар бар. Бірақ олардың ұсталғандарын естімедім. Қобда ауданы, Мәртөк, Әйтеке би аудандарында тоналғаны белгілі болды. Олардан не алғанын да білмейміз. Шынымды айтсам, жергілікті әкімдік заңды көп бұзады. Заң талаптары бойынша жерді игермес бұрын, инспекция мамандарына хабарлама беруі керек. Мамандар қарап, айтып береді. Ал олар болса мүлде ақылдаспайды», - дейді өлке тарихын зерттеуші.

АНЫҚТАМА

Археолог 2000-2004 жылдары Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, 2006-2007 жылдары Еуразия ұлттық университетінде оқыды. Мамандығы – тарихшы, археолог. Бірінші курсты бітіргеннен кейін археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, оған ерекше қызықты. Мұғалжар ауданындағы Басшиелі ауылының маңында болды. Онда б.з. II-IV ғ.ғ. жататын бұйымдар табылды. Екінші курста Батыс Қазақстан облысына барды. Онда сарматтардың қорғанын қазды. Тоналмаған қорған, алтын бұйымы бар әйел адам табылды. Бұл қорым қазір Есен-Амантау (Лебедевка) деп аталады.

Аслан Мамедов студент кезден осы саланы серік етті. Университет бітірген соң еңбек жолын облыстық инспекциядан бастады. Кейін ұстаздары әрі қарай оқуды жалғастыруға ұсыныс айтты. Сөйтіп ұлттық университеттің магистратурасында білім алды әрі музейдің алтын және бағалы металл бөлімінде ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Екінші диплом қолға тиген бойда жас маман колледжде тарихтан дәріс берді. Бір жылдан соң Ақтөбе облыстық тарих, этнография және археология орталығына жұмысқа кірісті. Мәдениет басқармасына қарасты мекеме 2012 жылы жабылып, сала музейге қосылды. Музейде этнография және археология бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Сонымен бірге қазір Әлкей Марғұлан атындағы археология институтында бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. Ол кез келген уақытта табылған қорғандарды зерттеуге қатысады.

«Ақтөбе облысында зерттеу бірнеше бағыт бойынша жүргізілді. Көбіне темір дәуірін зерттеуге қатыстым. Алғашқы көшпенділердің қорымдарын, ғибадатханаларын зерттедім. Қобыланды батыр, Әбілқайыр хан қорымдарындағы қазба жұмыстарына қатыстым. Алмат тамын қазу және оны реставрациялау жұмысы басталды. Қазіргі кезде облыстық музейдің тарапынан Досжан Хазірет мешіт, медресесін зерттеу және оны музейге айналдыру жұмысы атқарылып жатыр. Бұл жерде қазба жұмысы алғашқы кезде дұрыс жүргізілмеген болып шықты. Яғни, бүлдіріп алған. Мешіттің үстін жапқан кезде астындағы медресе қоршауын басып қалған. Қазба жұмыстарына мамандар кірісіп, қайта көрсетіп жатыр. Құрылыс қазір тоқтап тұр. Қазып, бұрыштарын шығарамыз. Медресе қандай болған? Сұраққа жауап табылады. Сол кездегі дүниені қалпына келтіруге болады. Қабырғасын, терезесін де. Тек қиыны үстіне нысан салып, асты зерттелмеді. Алғашында жергілікті әкімдік археологтармен бірікпеді», - деді ол.

Мұндай бірегей тарихи ескерткіштер алдағы уақытта ашық аспан астындағы музейге айналады. Сонымен бірге Едіге батырдың жерленген жерін іздеу бағытындағы жұмыстың бір қызықты тұсы бар.

«Едіге жалындағы қорымды қазған кезде алты жерлеу шықты. Былтыр зерттеу жүргізілгенімен, биыл жалғаспады. Менің ойымша, Едіге жерленбесе де, кесененің өзі қызықты. Ондай кесене бесеу: Абат Байтақ, Қобыланды батыр, Қызылтам, Егізқара, Балғасын. Қазіргі кезде Балғасын қорымы тоналып жатыр. Аңыз бойынша ол Ақсақ Темір қолбасшыларының бірі. Бұл мәселе туралы айтамыз, жазамыз, прокуратура, жергілікті органдарға хабарлаймыз. Заң әлсіздеу. Археологтар аз, инспекция мамандары да үнемі қарап отыра алмайды. Оларда саусақпен санарлық адам бар. Ал қорғалуы тиіс қорған көп. Заң бойынша учаскелік полицияға да осыны қорғауды міндеттеу керек шығар. Олар кімнің келіп, кеткенін біледі. Қазба жұмыстарын жүргізгеннен сұрау керек», - деді Аслан Мамедов.

Иә, соңғы жылдары халық тарихқа қайта үңіле бастады. Сұрақ көп, ал сол сұрақтың жауабын археологтар дәл де нақты біле алады. Себебі әр қазба жұмысына ғылыми мақала жазады. Қазіргі кезде Аслан Мамедовтың 60-70 мақаласы бар. Ақтөбе облысының әр ауданына байланысты жинақтары шықты, энциклопедия жазды. Бірнеше автор болып кітапты жарыққа шығарды. Әлі де мақсаты көп.

Біріншіден, темір дәуірін одан әрі зерттеу, зерделеу. Ырғыз, Әйтеке би, Шалқар, Байғанин аудандарындағы көшпенділер қорғанын зерттеп, зерделесек, тарихтың жаңа беті ашылуы мүмкін.

Екіншіден, XVIII-XIX ғасырларға жататын қорымдардың орналасуы және оның маңындағы қыстау, ауыл жайы.

«Едіге жалы, Досжан Ишанда қазба жұмыстарын жүргізген соң маған тағы бір қызықты бағыт маза бермей жүр. XVIII-XIX ғасырларға жататын қорымдардың орналасуы және оның маңындағы қыстау, жалпы тұрғылықты жер қызықтырады. Картаны қарап отырсам, өте көп. Үй, ауыл өте көп жер бетінен көрінбей қалған. Оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Досжан Ишан қорымын алсақ, жан-жағында ауылдың орны космотүсірілімнен көрінеді. Оны ешкім білмейді. Қазақтың үйі, ауылдары бар. Көшесін де картадан көруге болады. Ауылдың пайда болуы Досжан ишан мешітіне, сосын медресеге байланысты. Аумақта үй де болған. Иә, XIX-ХХ ғасырда ауылдар болған. Бұл картада бар факт. Қазақтар көшпелі деп айтқандарға жауап беру үшін оларға дәлел болар қазба жұмыстарын жүргізе аламыз. Қазір қалалар, үйлердің құрылысын орыстардың келуімен байланыстырамыз. Бірақ шын мәнінде оған дейін басталған. Ауыл, сол ауылдың қасында қорым пайда болған. Этнографтар қорымды зерттейді, ауылға мән бермейді. Сөйтіп біз ашық аспан астындағы музейді жасай аламыз. Қала маңынан да табуға болады. Этнографтарға жобаны ұсынып, грант алуды ұсынамыз. Өзге елдерде бар, біз де жасай аламыз. Қазба жұмыстарына көп ақша кетеді. Бірақ өте құнды. Бүгінге дейін бірде біреуі қазылмады. Көбіне қорым тұрған жерден іздеуге болады. Үй, үйдің қоршауы анық көрінеді. Біздер зерттей келе ерте кездегі қала, ескерткіштерді таба аламыз. Тіпті оның астында жаңасы шығуы мүмкін. Бұрын болған қалашықтың үстіне жаңасын салуы ықтимал», - деді ол.

Археолог өзі таңдаған мамандықты, саланы өмірінің мәні санайды. Әрі үлкен жауапкершілік жүгін арқалағанын сезеді. Мемлекеттік мүддені қорғау үшін де деректердің, әсіресе қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелердің айнымас дәлел боларын білген соң әр сапарын құжатқа балап, қағаз бетіне түсіреді. Өз ісіне салғырт-салақ қарайтын әріптестеріне ренжитіні де содан.

«Кейбірі археологтар қазып, тастап кетеді. Оларға ренжимін. Сен қорғанды қазған кезде біреудің жерлеуін қазып жатсың. Жарты жолдан лақтырып кетуге болмайды. Әрбір ғалым қазба жұмыстарынан соң ғылыми есеп, мақала жазуға міндетті. Ал өзім осы саламен айналыса берем. Қазғым келетін, зерттегім келетін жер бар. Болашақта үш жыл қатарынан кітап жазамын. Үш кітап. Зерттелген, бірақ ғылыми мақаласы жарыққа шықпаған дүниелер бар», - деп ойын түйді археолог.


Соңғы жаңалықтар