Республика қаһармандары: Археология деген басыңды бір сұқсаң, шыға алмайтын өте қызықты сала

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қаһармандықтың өлшемі ерлік жасаумен, адам құтқарумен ғана шектелмейді. Ерен еңбегімен елге пайдасын тигізген, өз ісінің хас шеберлері де қаһарман атануға лайық. Осы тізімге Зейнолла Самашевті жатқызғанымыз әбден орынды. Себебі ол Қазақстан тұрмақ Орта Азиядағы археология саласының дамуына елеулі үлес қосып, әлем халқын таңдандырған сенсациялық жаңалықтар ашқан. Археолог, тарих ғылымдарының докторы осы уақытқа дейін 400-ден астам ғылыми мақала жазыпты. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің «Республика қаһармандары» жобасы аясында 55 жыл ғұмырын археологияға арнаған жанмен тілші сұхбат құрған еді.

- Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріңіз жайлы сұрап жатудың өзі әбестік болар. Бізге соңғы жылдары Шығыс Қазақстан аумағында жүргізілген ауқымды археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі жайлы айтып берсеңіз.

- Жеті жыл бұрын ШҚО әкімдігі археологиялық қазба жұмыстарын дамыту мақсатында арнайы бағдарламаны іске қосқан болатын. Міне, содан бері өңір аумағында жұмыс істеп, біршама нәтижеге қол жеткіздік. Әлемдік деңгейдегі жаңалықтар да болды. Оның ішіндегі екеуін ерекше атап өткен жөн.

Біріншісі, 2018 жылы Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдағы Ерте сақ дәуіріне жататын тоналмаған «Алтын адамның» табылуы. Жалпы қазір ел бойынша «Алтын адамдар» аз табылып жатқан жоқ қой. Бірақ 1969 жылы Есік қорғанындағы «Алтын адамнан» кейінгі еш бүлінбегені тек осы ғана. Сол үшін бұл жетістікті ауыз толтырып айтуға болады. Есік қорғанына қарағанда бұл «Алтын адам» көнерек. Екеуінің арасында 4 ғасыр айырмашылық бар. Елеке сазында жерленген адамның жасы 16-17 жас мөлшерінде деген болжам бар. Оның қасына ересек адам қойылған екен. Бірақ ол қатты тонауға түскен. Ал бозбаланың мүрдесін тонаушылар байқамаса керек.

Бұдан бөлек, сол Елеке сазында ел бойынша алғаш рет көне түркі заманына жататын бірегей қағандық кешен табылды. Бұл да 2018 жылы болған. Өте күрделі архитектуралық ғұрыптық кешенді әлі күнге дейін зерттеп жатырмыз. Онда қағанның тақта отырған екі суреті шықты. Алтыннан құйылған бұл суретте қағанның басында тәжі бар, бет-әлпеті де сақталған. Ол заманда қайтыс болған қағанның денесін жерлемейді, өртейді. Сол қағанды өртеген жерге ғибадатхана салыныпты. Өртеу рәсіміне қатысқан адамдардың барлығы заттарын жанып жатқан отқа тастаған. Атап айтқанда, бас киімдерін, белбеулерін, қару-жарақтарын, алтындарын лақтырды. Кейбіреулері балқып кеткен. Соның барлығын зерделеу үстіндеміз. Ғибадатхана ішінен қағанның мүсіні және лабиринт табылды. Мүсін қазір ұлттық музейде тұр.

Екіншісі, Өскеменнен 20 шақырымдай жерде орналасқан Ақбауыр шатқалынан сақ дәуіріне жататын қоныс табылды. Көлемі – 1 жарым шақырымдай. Онда өндірістік кешендер, металл және ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін шеберханалар, қыш пештері, темір ұстасы, сүйектен тас құралдар жасайтын шеберхана болған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі XI ғасыр. Сенсациялық жаңалық десек артық айтқандық емес. Себебі бұл сақтардың тек көшпелі емес, отырықшы өмір салтын ұстанғанының дәлелі.

- Осынау жетістіктерді былтыр Ұлыбританиядағы музейде паш еттіңіздер. Шетелдіктер қандай әсер алды?

- Көне ата-бабаларымыздың мәдениетін, елдегі археологиялық қазба жұмыстарының жемісін әлем халқына көрсеткіміз келді. Сөйтіп, өңір әкімдігінің қолдауымен Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесін өткізуге бел байладық. Берел, Шілікті және Елеке Сазынан табылған жүздеген бірегей алтын жәдігерлер ұсынылды. Төрт айға созылған көрмені 25 мыңға жуық адам тамашалапты. Көрмеміз сол жылы дүниежүзіндегі музейлерде өткізілген барлық шаралардың ішінде үздік бестікке енді! Бұл біз үшін өте үлкен жетістік.

Шынын айту керек, Еуропа елдері қазақ халқының мәдениетін, өркениетін, тарихын білмейді. «Далада шауып жүрген көшпелілер» деп ойлайды. Ал көрмедегі көне алтын заттарды, оның жасалған технологиясын, түрлі шеберханалардан шыққан өнімдерді көргенде қатты таңырқады. Кейбіреулері тіпті эмоцияларын сөзбен айтып жеткізе алмады.

- Шетелдік археологтармен қандай байланыс орнаттыңыздар? Бірлескен жобаларыңыз бар ма?

- Жаңағы айтқан көрмеден кейін Ұлыбританиядағы әріптестермен байланыс күшейе түсті. Халықаралық интеграция жаңа деңгейге көтерілді. Ақпарат алмасып, олардың зертханаларын пайдалануға мүмкіндік алдық.

Содан кейін еліміздегі жас археологтарды, студенттерді сол жаққа оқуға жіберу үшін келіссөз жүргіздік. Шетелдік университет өкілдері «Жіберіңіздер, біз әрдайым ашықпыз. Осы жылдан бастасақ та болады. Бірақ олар ағылшын тілін аз да болсын білуі тиіс» деді. Енді алдағы уақытта Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ұлыбританияға баруға ниеттілерді іріктеуіміз керек. Осылайша халықаралық деңгейде жұмыс істейтін білікті кадрларды дайындауға мүмкіндік туады.

- Елдегі жас археологтардың жұмысына, талпынысына қандай баға берер едіңіз?

- Егер Қазақстанда мықты археологтар шықсын десек, онда оларға тиісті жағдай жасауымыз керек. Жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан талапты жастарымыз бар. Алайда осы салада жан тәнімен жұмыс істейін десе жалақысы жетпей, үйсіз-күйсіз жүріп, сосын басқа жұмысқа ауысып кетуге мәжбүр болады. Көп жағдайда әлеуметтік жағдай кедергі келтіреді. Бізде жүйені басқаша қалыптастыру керек деп ойлаймын. АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің ғылымға, археологияға қандай көңіл бөліп жатқанын көріп, содан үлгі алу қажет. Ол жақта білім беру жүйесі басқандай, ай сайынғы шәкіртақы көлемі де жоғары. Таяуда ғана-ақ елімізде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды ғой. Енді осыдан оңды өзгерістер болады деген үміттеміз.

- Америкадағы қазақ тарихшысы Нұрлан Кенжеахмет Өскеменнің көне атауы жайлы құнды құжаттарды тапқаны жайлы былтыр БАҚ-та, әлеуметтік желіде біраз жазылды. Оның айтуынша, Өскемен 1757 жылға дейін Кеңгір-Тұра деп аталған. Алайда бұны жоққа шығарып, басқа дәлел келтіретіндер де кездесуде. Тарих ғылымдарының докторы ретінде өз пікіріңізді білдіре кетсеңіз?

- Көне карталарды зерттесеңіз әр қаланың неше түрлі аттарын табуға болады. Нұрлан Кенжеахмет Өскеменнің бұрынғы атауы Кеңгір Тұра немесе Том депті. Негізінен Том емес Дон деген дұрыс. Бала күнімізде қарттардан «Баяғыда ата-бабамыз бұл шаһарды Дон деп атаған» дегендерін есіткенбіз. Жалпы Ертістің бойындағы Меновное, Ахмер секілді ауылдарының барлығы қазақтың қоныстары ғой. Олардың да атаулары жайлы жазылған тарихи деректер көп. Нұрланды жақсы білемін. Кезінде Қытайдан атажұртқа оралған кезде Алматыда жұмысқа да қабылдаған едім. Қазір картография саласында жақсы жұмыс істеп жатыр. Ісіне сәттілік тілеймін.

- Елімізде жыл сайын тұғыры биік тарихи тұлғаларға ескерткіштер орнатылып жатыр. Алайда «ескерткіштен гөрі жол жөндемей ме!» деген сыңайдағы пікірлер де ел арасында айтылып жүр. Бұл сынға қалай қарайсыз?

- Ескерткіштердің көбісі мемлекет бюджетіне емес, меценаттардың, жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына салынған. Өз ата-бабасына мүсін қоятындар да бар. Олардың барлығына «қой» дей алмайсың ғой. Бірақ әрине, халқымыздың шоқтығы биік тұлғаларына ғана ескерткіш орнатқан дұрыс деп ойлаймын. Бюджет қаржысына бой көтеретін мүсіндер жайлы айтар болсақ, өте көп қажеті жоқ. Сапасыз, көркемдік жағынан нашар туындылар да елдің сынына ұшырап жатады. Енді бұл жерде құзырлы министрлікке, әкімдікке қарасты комиссия өз жұмысына жауапты қарауы тиіс.

- Облыстағы археологиялық қазба жұмыстары туралы екі томдық кітап шығарайын деп жатқандарыңызды естідік. Осы жайлы айтып өтсеңіз.

- Иә. Бұл да атқарып жатқан жұмыстарымызды жұртқа көрсетудің бір амалы. «Шығыс Қазақстан археологиясының очерктері» атты екі томдық еңбегіміз келесі жылы жарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Ол үш тілде, атап айтқанда, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде болады. Негізі биыл аяқтағымыз келген. Бірақ орайы келмей қалды.

- Археологиядан шаршап, жалығып, басқа салаға ауысу жайлы ой келіп көрді ме?

- Жоқ. Бір рет те ондай ой келмеді. Археология деген басыңды бір сұғып алсаң, шыға алмайтын өте қызықты сала. Қазір 75 жастамын. 55 жыл бойы осы салада үздіксіз тер төгіп келе жатыр екенмін. Азды-кем жетістікке де жеттік. Еш өкініш жоқ. Керісінше, ел археологиясына титтей де болсын пайда әкелгеніме қуанамын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар